Елдегі 1600 ауыл интернетке қосылады
Атырау облысында 45 ауылға талшықты-оптикалық интернет тартылып жатыр. Қазір аймақтағы 153 елді мекеннің 146-сы интернетпен қамтылған, деп хабарлайды 24KZ.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында тағы 400 шақырымға жуық байланыс желісі тартылады. Сонымен қатар мобильді интернеттің сапасын жақсарту үшін жаңа базалық станциялар іске қосылады.
Аман Сұлтанов, Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Қазіргі таңда 181 базалық станция орнатылды. Оның 141-і Атырау қаласында, 25-і Құлсарыда, 7-еуі Құрманғазы ауылында орнатылды. Қалған аудандарда бір-бірден базалық станциядан орнатылған. Биыл жоспарланған 64 базалық станцияның 56-сы пайдалануға берілді. Қалған станциялар жыл соңына дейін іске қосылады.
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 20-дан астам қалада 5G технологиясының 4 мыңнан аса базалық станциясы орнатылды. Ал ауылдық жерлерде 4 410 елді мекен 4G байланысымен қамтылған. Жалпы ел бойынша жыл соңына дейін 1600 ауылды интернетпен қамту көзделген. Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп, Direct-to-Cell технологиясы іске қосылды. Ол спутник пен смартфон арасындағы тікелей байланыс арқылы елдің кез келген нүктесінде хабарлама жіберуге және интернеттің базалық қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
– 2027 жылы облыстық және республикалық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды байланыспен қамту жоспарланған. Бұл үшін 500-ден астам антенна-мачталық құрылым орнату көзделген.
Дегенмен шалғай және таулы аймақтарда интернет мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарындағы кейбір ауылдарға дәстүрлі байланыс желісін жеткізу қиын. Сондықтан мамандар спутниктік интернет мүмкіндіктерін кеңейтуді көздеп отыр.
Дамир Әбдірахманов, «Қазақтелеком» АҚ басқарма директоры:
– Ең өзекті мәселе Шығыс Қазақстан мен Түркістан облысында интернетке қолжетімділік мәселесі. Шығыс Қазақстан облысының жер бедері таулы болса, Түркістанда ауылдық елді мекендер көп. Кең жолақты интернетке сымсыз қосылу мүмкіндіктерін дамытуда Starlink технологиясының рөлін ерекше атап өткен жөн.
Үкіметтің жоспарына сәйкес 2027 жылдың соңына қарай еліміз интернетпен толық қамтылады. Шалғай ауылдарға байланыс жеткізу үшін талшықты-оптикалық және спутниктік технологиялар қатар қолданылмақ.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Асланбек Шығыр