Жасанды интеллект мұнай өндіру тиімділігін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді

фото: ЖИ

ҚазМұнайГаз ұсынған ЖИ негізіндегі цифрлық телнұсқасы мұнай өндіру тиімділігін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «24KZ».

«ҚазМұнайГаз» Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект технологияларын қолданатын цифрлық телнұсқаны енгізді. Бұл туралы Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов баяндады. 

Мұнай қоры шамамен 14,8 млн тонна болғанымен, бүгінде оның небәрі 36,7%-ы игеруге тартылған. 

Асхат Хасеновтың айтуынша, цифрлық қабат шеңберінде жасанды интеллект игерудің 600-ден астам сценарийін есептеп шықты. Бұрын мұндай есептеуге бір айдан астам уақыт кететін болса, қазір ол 6 күн ішінде орындалады. Мәселен, цифрлық модельдеу бастапқыда көзделген 6 тік ұңғыманың орнына неғұрлым тиімді нұсқа – 2 көлденең ұңғыма бұрғылауды анықтауға мүмкіндік берді. Тек осы бір шешімді оңтайландырудан экономикалық тиімділік 640 млн теңгені құрады. Сонымен қатар осы шешім мұнай өндіруді 45%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұған дейін мұндай шешімдер негізінен әртүрлі жүйелерде талдамалық әдіспен таңдалған сценарийлердің шектелген жиынтығы негізінде қабылданып келді. Осылайша, «Цифрлық телнұсқаны» қолданудан осы кен орнынан қосымша 161 мың тонна мұнай өндіруді алу әлеуетін көріп отырмыз, бұл шамамен 16 млрд теңге»,— деп атап өтті Асхат Хасенов.

Сондай-ақ кен орнында онлайн бұрғылау мониторингі үшін «цифрлық ұңғыма» және зияткерлік басқару стансалары бар «цифрлық өндіру» енгізілді, бұл өндіріс шығындарын 5%-ға дейін және еңбек шығындарын 15%-ға дейін төмендетеді.

«Кен орындарының цифрлық телнұсқасы өндірудің шамамен 90%-ын қамтамасыз ететін ТОП-12 кен орнын енгізілетін болады. Жобаны енгізуден 2030 жылға дейін қосымша 2,9 млн тонна мұнай өндіру күтіледі»,— деді басқарма төрағасы.
 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: