Қазақстанда биыл 1056 шақырым теміржол жөнделді

Фото: gov.kz

Елімізде 2026 жылдың 8 айында 1 056 шақырым теміржол жөнделді, деп хабарлайды «24KZ».

Көлік министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылы 1 577 шақырым теміржол желісін жөндеу жоспарланған. Бірқатар учаскелерде жұмыстар жалғасуда.

Іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында көлік саласын дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама теміржол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуға, теміржол желісінің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. 

Бағдарлама аясында Бейнеу – Маңғыстау және Павлодар – Семей учаскелеріндегі жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ Көкпекті – Қарағайлы, Атасу – Қаражал, Жамбыл – Жаңатас және Қарабұлақ – Текелі аз қарқынды учаскелерінде 83 шақырым теміржол жолы сауықтырылды.

2026 жылдың соңына дейін Семей – Аягөз және Мақат – Бейнеу – Маңғыстау учаскелеріндегі жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Өзенкі – Қандыағаш, Астана – Алматы, Астана – Тобыл, Көкшетау – Қостанай, Арыс – Шеңгелді бағыттарында және теміржол желісінің басқа да учаскелерінде жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Жалпы, 2023–2029 жылдар аралығында елімізде 11 мың шақырым теміржол желісін жөндеу жоспарланған. Бағдарламаны іске асырудың алғашқы үш жылында, яғни 2023–2025 жылдары, жоспарланған 4 353 шақырым көрсеткішінен жоғары, яғни 4 448 шақырым жол жаңартылды. Осылайша, жоспар 95 шақырымға артығымен орындалды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар теміржол желісінің техникалық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 1,9 мың шақырым учаскелерде жолаушылар пойыздарының қозғалыс жылдамдығы артты. 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: