Қазақстанда теміржол арқылы экспорттық жүк тасымалы 7,1%-ға өсті
Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында теміржол арқылы 69,4 млн тонна жүк экспортқа тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға көп, деп хабарлайды 24KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жалпы, тоғыз айда теміржол көлігімен 241,7 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3,4%-ға жоғары.
Экспорт көлемінің артуына темір кені, астық, тыңайтқыштар мен көмір тасымалының өсуі ықпал етті. Атап айтқанда, темір кенін экспорттау 32,1%-ға артып, 10,1 млн тоннаға жетті. Астық тасымалы 17,6%-ға өсіп, 8,3 млн тоннаны құрады.
Ал тыңайтқыш экспорты 9%-ға артып, 1,2 млн тоннаға жетті. Көмір тасымалының көлемі 25,8 млн тоннаны құрап, былтырғы көрсеткіштен 2,1%-ға өсті.
Астық негізінен Орталық Азия елдеріне, Ауғанстан мен Қытайға жөнелтілді. Тыңайтқыш экспорты Беларусь, Бразилия, Өзбекстан, Болгария және Ауғанстан бағыттарында артқан.