БҚО-да «Ауыл аманаты» бойынша 346 жобаға қолдау көрсетілді
Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 346 жобаға қолдау көрсетілді, деп хабарлайды 24KZ.
Кәсіпкерлікті дамытуға 8 миллиард теңгеге жуық қаражат бағытталған. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының жеке кәсіп ашуға деген қызығушылығы артып келеді. Ауыл шаруашылығы басым өңірде кәсіпкерлер мал шаруашылығын дамытуға және азық-түлік өнімдерін өндіруге ерекше көңіл бөлуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы үш жылда ауыл тұрғындары 1800 жобаны жүзеге асырған.
Тасқала ауылындағы бұл наубайханаға ауыл тұрғындары әбден үйренген. Сонан ба, жаңа піскен нан сөрелерде ұзақ тұрмайды. Кәсіпкер Айбақыт Сисенғалиева өз бизнесін «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында дамытып келеді. Бұған дейін Сисенғалиевтар көпбалалы отбасы ретінде берілген 1,5 млн теңгелік грант алып осы кәсіпті бастаған еді. Былтыр Айбақыт 10 миллион теңгеге жуық жеңілдетілген несие алып наубайхана ашты. Қомақты қаражатқа қолы жеткен кәсіпкер жаңа пештер мен қамыр илейтін құрылғы сатып алды. Наубайхана тәтті тоқаштардан бастап, көпшілікке қол жетімді арзан өнім түрлерін де шығарады.
Айбақыт Сисенғалиева, кәсіпкер:
- Әлеуметтік нан да бар. 100 теңгеден сатамыз жаңағы Үкіметтің көмегімен арзан астық алып, әлеуметтік нанды да сатамыз. Үлкен кісілер жаңағы, пенсиядағы кісілерге ыңғайлы, қолжетімді.
Өндіріс көлемі кеңейген сайын, жаңа жұмыс орындары пайда бола бастады. Қазір наубайханада төрт адам жұмыс істейді.
Халида Хафизова, Тасқала ауылының тұрғыны:
- Қаңтар айынан бері осында жұмыс істеймін. Жартылай фабрикаттар дайындаймын. Бос уақытымда қыздарға нан пісіруге көмектесемін. Өзім аспаздық мамандықты бітіргенмін. Бұл жұмыс маған өте ұнайды.
Өңірде мұндай бастамалар аз емес. Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 346 жоба қаржыландырылды. Оларды жүзеге асыруға 5 жарым миллиард теңге бағытталды. Бұдан бөлек, өңірге 2 миллиард теңгеден астам жаңа транш бөлінді.
Қазбек Ұзықанов, "Aqjaiyq" ӘКК Басқарма төрағасының орынбасары:
- Аудандардан түсетін өтінімдердің негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Қаражаттың шамамен 40 пайызы ірі қара, ұсақ мал шаруашылығы, яғни ет және сүт бағыттарына жұмсалды. Шамамен 20 пайызы кооперативтерге қаржылық лизинг беруге бағытталды. 10 пайызға жуығы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бөлінді.
Өткен үш жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1800 жоба жүзеге асырылды. Оларды қаржыландыруға шамамен 15 миллиард теңге бағытталған.
Авторы Арыстанбек Кенже