Павлодар облысында егіннің 79% жиналды
Павлодар облысында егіннің 79 пайызы жиналды, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір үш ауданда қарақұмық пен күнбағыс ору науқаны жүріп жатыр. Бидайдың түсімі әр гектардан орташа есеппен 9 центнерден айналды. Биыл жазда облыс аумағында жауан-шашын аз түсіп, ылғал төмендеп кетті. Сондықтан бұл көрсеткіш жаман емес, дейді мамандар. Алдын ала мәлімет бойынша қамбаға бастырылған бидайдың 60 пайызы 3-сапа класына жатады. Яғни өнім ішкі нарық пен экспорт талабына сай. Жиын-теріммен қатар шаруалар келесі жылдың егіс жұмыстарына кірісіп кетті. 190 мың гектарға жуық жер жыртылып, тұқымның 98 пайызы дайындалды.
Есентай Мұрсәлімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Биылғы маусым диқандар үшін қолайлы болды деп айта алмаймыз. Жаздың басында 50 күннен астам жауын жаумады. Ауа температурасы екі айға жуық +30 градустан түспеді. Дегенмен, заманауи технология мен сапалы тұқымның арқасында гектарына 9 центнерден өнім алдық. Қазір егіс алқабында негізінен күнбағыс жинау жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 600 гектардан астам аумаққа күнбағыс еккен едік. Бүгінге дейін өнімнің жартысынан астамы жиналды.