Басшы, дәрігер, инженер: Қазақстанда кім қанша жалақы алады?

Фото: ҚР Ұлттық статистика бюросы

2026 жылы Қазақстанда айына 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 58,4%-ға жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 53,7% болған. Ал 100 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың үлесі 2,3%-ға дейін қысқарды, деп хабарлайды «24KZ» Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы сәуірде жүргізілген зерттеу нәтижесінде ұйымдар мен кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлер саны 3 млн 378,6 мың адамды құраған. Оның 1 млн 626,4 мыңы – ерлер, яғни 48,1%, ал 1 млн 752,2 мыңы – әйелдер. Әйелдердің үлесі 51,9%-ға тең.

Жалақы деңгейі қалай өзгерді?

Бір жылда жалақысы 100 мың теңгеге дейінгі қызметкерлердің үлесі 3,3%-дан 2,3%-ға дейін төмендеді. Бұл – 1 пайыздық тармаққа аз. Айына 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін табыс табатындардың үлесі де 43%-дан 39,3%-ға дейін қысқарды. Ал 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 4,7 пайыздық тармаққа өсіп, 58,4%-ға жетті.

Қай кәсіп иелерінің жалақысы көбірек өсті?

2025 жылмен салыстырғанда жалақының ең жоғары өсімі өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да сабақтас кәсіптердің жұмысшыларында тіркелді. Олардың орташа айлық атаулы жалақысы 13,1%-ға артқан. Өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілердің жалақысы 10,4%-ға өсті.

Зерттеу өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын қоса алғанда, барлық кәсіптік топта атаулы жалақының өскенін көрсетті.

Қай маман қанша жалақы алады?

2026 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша ұйым басшыларының орташа айлық есептелген жалақысы 1 млн 101,1 мың теңгені құрады.

Инженерлік-техникалық мамандар арасында инженерлер айына орта есеппен 702 мың теңге алады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлердің жалақысы – 645 мың теңге, инженер-технологтардыкі – 617 мың теңге, инженер-энергетиктердікі – 615,1 мың теңге. Ал техниктердің орташа айлық жалақысы 314,7 мың теңге болған.

Денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 491,4 мың теңгені құрады. Фармацевтер 347,7 мың теңге, фельдшерлер 313,6 мың теңге, мейіргерлер 264,6 мың теңге жалақы алған.

Басқа кәсіптер бойынша бухгалтерлердің орташа айлық табысы 398,6 мың теңге болса, автомобиль жүргізушілерінікі – 328,1 мың теңге. Аспаздар айына орта есеппен 192,6 мың теңге, күзетшілер 174,2 мың теңге жалақы алған.

Сондай-ақ оқыңыз: