«Отбасының цифрлық картасы»: мұқтаждық деңгейі қалай анықталады?

Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Қазақстанда «Отбасының цифрлық картасы» жүйесі отбасылардың мұқтаждық деңгейін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жиынтығы негізінде анықтайды. Мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтер күн сайын жаңартылып, отбасының санаты ай сайын қайта қаралады. Бұл туралы Құрылтай отырысында депутат Наталья Рамазанованың сауалына жауап берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Депутат отбасылардың мұқтаждық санаты қандай өлшемдер бойынша белгіленетінін, олардың шығындары ескеріле ме және материалдық жағдайы нашарлаған жағдайда жүйе қаншалықты жедел әрекет ететінін сұрады.

Министрдің айтуынша, отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау кезінде тек жалақысы немесе мүлкінің бар-жоғы ғана емес, барлық отбасы мүшелері мен тұтас үй шаруашылығының деректері ескеріледі.

«Санат бүкіл отбасы мен үй шаруашылығы бойынша жиналған деректер негізінде анықталады. Мұнда тек бір ғана көрсеткіш — табыс, жалақы немесе мүлік қана есепке алынбайды», — деп түсіндірді Асқарбек Ертаев.

Оның айтуынша, «Отбасының цифрлық картасы» жұмыспен қамту, табыс, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, кредиттік жүктеме, білім беру және басқа да бағыттарды қамтитын сегіз негізгі көрсеткіш бойынша отбасылардың жағдайын бағалайды. Жүйе мемлекеттік дерекқорлармен ықпалдастырылған.

Министр 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер әлеуметтік қолдау алушылардың және олардың отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді ұсынатынын атап өтті. Бұл деректер отбасылардың табысы мен шығысын қосымша ескеруге мүмкіндік береді.

Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, «Отбасының цифрлық картасы» 30 мемлекеттік дерекқормен ықпалдастырылған. Олардағы ақпарат күн сайын жаңартылып отырады, ал отбасының мұқтаждық санаты ай сайын айқындалады. Егер отбасының материалдық жағдайы нашарласа, жүйе бұл өзгерісті анықтап, оны мемлекеттік қолдау қарастырылған санатқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Осылайша, отбасының әлеуметтік мәртебесін қайта қарап, қажетті қолдау шараларын уақытылы ұсынуға жағдай жасалады.

Сондай-ақ оқыңыз: