Шағын және орта бизнестің ЖІӨ үлесі 40,9%-ға жетті

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 41 пайызға жеткен. Жеті жыл бұрын жеке кәсіпкерліктің үлесі 31 пайыздай болған еді, деп хабарлайды 24KZ.

2019 жылы бұл секторда нақты жұмыс істейтін 1 млн 300 мың нысан тіркелген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 64 пайызға өскен, яғни субъект саны 2 млн 200 мыңға дейін жетті. 

Дәл осы салада жұмыспен қамтылғандардың саны жеті жылда  3 млн 400-ден 4,5 млн-ға дейін көбейген.

Ал шағын және орта кәсіпкерлер өндірген өнімі соңғы жеті жылда айтарлықтай артқан. 32,4 трлн-нан 105 трлн теңгеге дейінгі өсім тіркелген. 

Шағын және орта бизнесті қолдау 7 есе өсті

Даму қорының мәліметі бойынша шағын және орта кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік қолдау көлемі 2019 жылдан бері 7 есе артқан. 2019 жылы оның көлемі 57 млрд-тан асса, 2025 жылы 438 млрд теңгеге дейін жетіпті. Даму қорының кәсіпкерлік саласына тигізген әлеуметтік-экономикалық әсеріне тоқталсақ, өнім өндіру көлемі 135 млрд теңгеге дейін өскен. Шағын және орта бизнестен түскен салық 10 млрд теңгеге жуықтады. Сондай-ақ 2019 жылдан бері 900 мыңға жуық жұмыс орны сақталып, тағы 93 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған.

Сондай-ақ оқыңыз: