Оралда мұнай-газ машина жасау форумы өтті
Форумды еліміздің Энергетика министрлігі мен Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық ұйымдастырды.
Форумда еліміздің тауар өндірушілері мен мұнай-газ компаниялары жалпы құны 650 миллион доллардың келісім-шарттарына қол қойды. Іс-шара аясында 40-қа жуық отандық кәсіпорынның көрмесі өтті.
Дәстүрлі Мұнай-газ машина жасау форумы отандық өндірістің өрісін кеңейтуді көздейді. Биылғы іс-шараға мемлекеттік органдар мен мұнай-газ компанияларының, отандық және халықаралық өндірушілердің, салалық қауымдастықтар мен іскерлік қоғамдастықтардың 800-дей өкілі қатысты. Бұл былтырғыдан екі есе артық. Қатысушыларды құттықтаған облыс басшылығы өңірге жыл басынан бері 539 млрд теңге инвестиция тартылғанын атап өтті.
Нұрділда Ораз, БҚО әкімі аппаратының басшысы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру және ұзақ мерзімді оффтейк-келісім-шарттарды кеңейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі стратегиялық бастамалардың бірі Қарашығанақ базасында жылына 5 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт салу. Бұл жоба отандық машина жасау кәсіпорындары үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы тиіс.
Форумды ұйымдастырушы Мұнай-газ машина жасауды дамыту халықаралық орталығының құрылғанына биыл бес жыл. Осы мерзімде орталық ірі операторлар мен отандық кәсіпорындар арасындағы байланыс алаңына айналды.
Ерлан Ақбаров, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Осы форумда 650 млн доллардан астам келісім шарт шарттарға қол қойылды. Ол келісім шарттар осы қазақстандық үлесті арттыру үшіносы бағытта үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы операторлармен алдағы 5 жылға, 10 жылға ұзақ мерзімді жоспарларын қамтамасыз етуді сұрап жатырмыз талаптарын қойып жатырмыз.
Форум аясында 40-қа жуық отандық өндірушінің көрмесі ұйымдастырылып, мұнай-газ саласына арналған жабдықтар көпшілік назарына ұсынылды.
Авторлары Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап