Долларлық депозиттердің пайыз мөлшерлемесі көтерілуі мүмкін
1 қазаннан бастап елде депозиттерге кепілдік беру қоры валюталық салымдар бойынша шекті мөлшерлемелерді көтерді.
Бұған дейін барлық жинақтарға 1 пайыздан артық сыйақы тағайындауға болмайтын. Енді банктер оны 2,5 пайызға дейін көтере алады.
Бұл нарыққа қалай әсер етеді? Қалталылар теңгедегі депозиттерден бас тартып, шетел валютасына көшіп кетпей ме?
Шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме екі жарым пайызға дейін көтерілді. Бірақ бұл барлық жинақтың үстемесі көбейеді деген сөз емес. Өзгеріс тек мерзімі 12 айдан асатын салымдарға қатысты. Қалған депозиттер бойынша мөлшерлеме бұрынғы деңгейде қала бермек. Бұл шешім валюта нарығында қалыптасқан жағдайға байланысты қабылданып отыр дейді мамандар. Мәселен, 2015 жылы депозиттердің барлығы дерлік валюталық салымдарда орналасты.
Айбота Жаппарберген, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының ақпараттық саясат секторының менеджері:
- Ұлттық банктің ақша-несие саясатының арқасында бұл деңгей біртіндеп төмен түсе бастады. 2021 жылы 35%-ды құраса, 2024 жылға қарай 25%-ға дейін түсті. Егер өткен жылды алатын болсақ, долларлану 22%-ды құрады. Қазір ол 19,2%-ды құрап отыр.
Қаржыгерлер ұзақ уақыт бойы долларлану деңгейі 20 пайыз шамасында болуы нарықта тұрақтылық орнағанын көрсетеді дейді. Яғни азаматтар жаппай доллар сатып алуға жүгірмейді деген сөз. Себебі бүгінде ұлттық валютамен жинақ жасау тиімді.
Алмат Орақбай, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы:
- 2015 жылдағы 71 пайызбен салыстырғандағы қазіргі таңдағы шамамен 20 пайыз бұл едәуір доллар депозиттеріне деген сұраныстың азайғанын көрсетеді. Және қазіргі таңдағы инфляцияның баяулауын ескеретін болсақ, яғни инфляция жыл басынан бері 12,3 пайыздан 9,3 пайызға түскен болатын. Бұл теңгелей активтердің табыстылығын шамамен 6,9 пайызға дейін арттырған.
Еске сала кетейік, Қазақстанда шетел валютасындағы барлық салымдарға бес миллион теңгеге дейін кепілдік беріледі. Ал теңге депозиттері бойынша көлем жоғары. Айталық, теңгенің жинақ салымдары бойынша кепілдік сомасы 20 млн теңге, қалған салымдар бойынша 10 млн теңгеге тең.
Авторы Серік Селеубайұлы