Қазақстанда баспана арзандай ма?

фото: depositphotos.com

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тамыз айында елімізде 35 мыңнан астам тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға аз. Қазір елімізде баспана бағасы төмендеді ме? Бұл туралы «24kz» арнасында егжей-тегжейлі айтылды.

Тұрғын үйге сұраныс неге төмендеді?

Тұрғын үй нарығындағы сауда-саттықтың бәсеңдеуіне бірнеше себеп бар. Сала мамандарының айтуынша, соның бірі – халықтың қаржылық мүмкіндігінің шектелуі. Соңғы уақытта күнделікті тұрмысқа жұмсалатын шығындар көбейіп, несие бойынша міндеттемелер де жоғары деңгейде қалып отыр. Ал баспана құнының қымбаттауы тұрғындардың үй сатып алуын одан әрі қиындатып жіберген.

Нарыққа ықпал етіп отырған тағы бір фактор – ипотекалық несиенің қымбаттығы. Базалық мөлшерлеме мен банктердің несие беру талаптары тұрғын үй заемдарын рәсімдеуге әсер етеді. Соның нәтижесінде кейбір азаматтар үшін ипотека алу қиындап, баспана сатып алу жоспарын кейінге қалдыруға тура келеді.

Бұған қоса, құрылыс компаниялары арасындағы бәсекелестік те сатып алушылардың таңдауына ықпал етуде. Қаржылық мүмкіндіктерін саралаған азаматтар асығыс шешім қабылдаудан гөрі, нарықтағы жағдайды бақылап, баспана алуға қолайлы сәтті күтуді жөн көреді.

Бұл туралы Жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Мадина Чукеева былай дейді:

«Қазір үйлердің өтпей жатқанына бірнеше себеп бар. Бірінші себепті айтатын болсақ, мемлекеттік бағдарламалардың бұрынғыдан аздығы. Әсіресе, екінші нарықтағы үйлерге арналған ипотекалық бағдарламалар жоқтың қасы десек болады. Екінші себеп – қаржы ұйымдарының талаптардың күшейтілгені. Қарыз алушыларға несие тарихын, төлем қабілетін қатаң түрде тексеретін болған. Одан кейінгі себеп – біздің халықтың қаржылық мүмкіндігінің төмендегені».

Ескі үйлер арзандауы мүмкін бе?

Тұрғын үй нарығында алдағы уақытта баспана құны арзандауы мүмкін деген болжам да бар. Соның ішінде қайталама нарықтағы үйлер бағасы төмендеу ықтимал. Бұған ескі тұрғын үйлерді ипотека арқылы сатып алуға қойылатын талаптардың қатаңдауы себеп болуы мүмкін.

Қазір кейбір банктер пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқан үйлерді ипотекалық несие рәсімдеу кезінде кепілге қабылдауға шектеу қояды. Бұған қоса, қайталама нарықтағы тұрғын үйлер жаңа пәтерлермен бәсекелесуде қиындықтарға тап болып отыр.

Құрылыс компаниялары клиенттерге бөліп төлеу, жеңілдетілген қаржыландыру шарттары, дайын жөндеу жұмыстары және басқа да қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Мұндай ұсыныстар жаңа үйлерді сатып алушылар үшін тартымды етіп, ескі баспаналарға деген қызығушылықты төмендетуі мүмкін. Бірақ риелтор Жансұлу Ысқақова бірінші нарықтағы үйлер мен екінші нарықтағы үйлердің арасында айтарлықтай айырмашылық болмайды дейді.

«Жалпы оның барлығы сол үйлерді сатып жатқан адамдарды өзіне байланысты. Негізі бірінші нарықтағы үйлер мен екінші нарықтағы үйлердің арасында айтарлықтай айырмашылық болмайды. Ал егер сол үйлерді шұғыл сату керек болса, әрине, бұл бағаны біраз төмендетеді», - дейді риелтор.

Сондай-ақ оқыңыз: