Қазақстандықтар 58,3 млрд теңге зейнетақы жинағын инвестициялық басқаруға аударды

Қазақстандықтар 58,3 млрд теңге зейнетақы жинағын жеке басқаруға берді.

Мамандардың айтуынша, күрт өсім қыркүйекте күшіне енген заңнамалық өзгеріске байланысты. Салымшыларға зейнетақы жинағының 100%-ын инвестициялық портфельді басқарушыларға беруге рұқсат етілген еді. Бұл тәсіл жинақ иелері үшін қаншалықты тиімді? Тәуекелі бар ма? 

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Елде зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға аударуды жөн санайтындар қатары күрт өсті. Тіпті көрсеткіш бір айда 5 есе артқан. Бірінші кредиттік бюро ұсынған дерекке сүйенсек, аударымдар көлемі 58 млрд теңгеден асқан. Аударымдардың саны да айтарлықтай өсті. Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға беру зейнетақы қаражатына билік етудің іс жүзіндегі жалғыз қолжетімді құралы, дейді сарапшылар. Бұнда мемлекет, басқарушы компания және азаматқа ортақ жауапкершілік жүктелген.

Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Сұранысқа ие болғандықтан бүгінгі күнде өзгерістер енгізіліп, 2026 жылдың 1 қаңтарынан 1 қыркүйекке дейін 44 мың азамат осы мүмкіндікті қолданса, 7 қыркүйектен бастап 14 қазанға дейін 33 мың адам осы  мүмкіндікті қолданып өздерінің зейнетақы қорында жиналған қаражаттарын жеке басқарушы компанияларға беру арқылы өздерінің болашақ зейнетақысын көбейту мүмкіндіктерін қолданып жатыр.

Қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 28 жарым трлн теңге жинақ салды. Кейінгі жылда 13%-дан аса өсім байқалды. Жинақ сомасының ішіне міндетті, кәсіптік және ерікті жарналар кіреді. Салымшылардың таза инвестициялық кірісі 1,2 трлн теңгеге жуықтады.

БЖЗҚ жинақ сомасы: 28,47 трлн теңге

Жылдық өсім: 3,36 трлн теңге немесе 13,4%

2026 ж. 8 айдағы түсім: 2,44 трлн теңге

Таза инвестициялық кіріс: 1,2 трлн теңге

Қазір нарықта 6 жекеменшік басқарушы компания жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы салымшыларға тәуекел деңгейі, кірістілігі және инвестициялау мерзімдері бойынша өз стратегияларын ұсынып отыр. Барлығына ортақ талап бар. Ол белгіленген кірістілік деңгейін сақтау. Межеге қол жеткізілмесе, басқарушы салымшыға айырмасын өтеуге міндетті. Басқарушы компанияның заңды жұмыс жасауын мемлекет қадағалайды. Оларға қойылатын талап та қатаң.

Айдын Дәулетбақ, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департамент директорының орынбасары:

- Активтер салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында қалады. Оларды сақтау мен есепке алуды және қаражаттың нысаналы орналасуын банк-кастодиан қамтамасыз етеді. Басқарушы компания банкрот болған жағдайда бұл активтер оның мүліктік массасына қосылмайды, яғни бұл зейнетақы жинақтары басқарушының кредиторлар алдындағы міндеттемелерін өтеуге бағытталмайтынын және толық көлемде салымшыда сақталатынын білдіреді.

Экономистер азаматтарға өз капиталын толық бақылауға мүмкіндік берудің тиімділігін айтады. Енді азаматтар басқарушы компанияны, инвестициялық стратегияны және сенімгерлік басқаруға берілетін қаражат көлемін өз бетінше таңдай алады.

Нұрлан Сакуов, экономист:

- Кез келген азаматтың мүддесі тұрғысынан алғанда, зейнетақы қаражатын ең тиімді шарттар, дивидендтер мен пайыздық кірістер ұсынатын жерге бағыттап, сол жерде жинақтағаны, әрине тиімді. Зейнетақы жинақтарының 100 пайызын басқа басқарушы компанияға беру мүмкіндігі қазақстандықтар үшін, егер ол жақта тиімді жағдайлар ұсынылса, сөзсіз пайдалы. Өйткені біз Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинақтарының кірістілігін әрдайым инфляция деңгейінде ұстап тұра бермейтінін жылдар бойы айтып келеміз. 

Жыл басынан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 237 мыңға жуық салымшыға 489 млрд теңге төленді. Емделу мақсатында 627 азамат 631 млн теңгеден астам біржолғы төлемді пайдаланды. Былтыр бұл сома 392 млрд теңгеден асқан еді. Биылғы маусымда зейнетақы қаражатын алу үшін белгіленген жеткіліктілік шегі 79%-ға көтерілді.

БЖЗҚ

2026 ж. 1 қазан

Тұрғын үй жағдайын жақсартуға

236  905 адам, 489 440 781,44 теңге

Емделуге

627 адам, 631 455,12 теңге

Сондай-ақ оқыңыз: