Президент Жолдауы: инфрақұрылым, халық табысы және цифрлық экономика

Фото: ЖИ

Мемлекет басшысы 2027 жылды жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Бұл бастама өңірлердің инфрақұрылымын жаңғыртуға қалай ықпал етеді? Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр мен экономист Қажыгелді Шамбыл Жолдаудың негізгі бағыттарын «24KZ» арнасында талқылады.

Сарапшылардың айтуынша, ауқымды құрылыс жобалары өңірлерде жұмыс орындарын ашып, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұл бастама тек қана өңірлердің емес, жалпы Қазақстанның технологиялық модернизациясына алып келеді, өйткені 3 жылдың ішінде жалпы сомасы 6,5 триллион теңге жұмсалайын деп отыр. 130 медицина, мәдениет, білім үлкен объектілерімен қатар инфрақұрылымдық ірі-ірі нысандар салынады. Ол сол аймақтарға біріншіден жұмыс орнын, екіншіден салық, үшіншіден аймақтардың әлеуметтік индикаторларын көтере отырып, адамдардың даму индексін көтереді, - деді Ерлан Сайыр.

Депутаттың пікірінше, ауқымды құрылыс жобалары өңірлерде жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді. Ал экономист Қажыгелді Шамбыл 6,5 триллион теңге көлеміндегі қаражатты мемлекеттік инвестициялық саясаттың бір бөлігі ретінде қарастыру қажет екенін айтады. Оның сөзінше, бұл қаржы басқа экономикалық тетіктермен қатар қолданылғанда нәтижелі болады.

Сондықтан да бұл ретте бұл іс-шаралар синергия түрінде қолданылады. Яғни, жеке-жеке дара емес, ал осы мына «Бәйтерек» холдингі, «Самұрық-Қазына», қазіргі бар мемлекеттік бюджет, бюджеттік қатынастар туралы жаңа заң, осы ұлттық қордың трансферттері, ұлттық қордан бөлінетін қосымша 6,5 триллион теңгелік қаражаттың барлығы бір жүйенің бір бөлшектері, пазлдары деп қарасақ, міне сол кезде қомақты үлкен экономикалық даму саясатының толыққанды бейнесі көрінеді,- деді Қажыгелді Шамбыл.

Жолдаудағы тағы бір маңызды бастама – ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру. Бұл өзгеріс табысы төмен азаматтардың сатып алу қабілетіне әсер етуі мүмкін. Дегенмен экономист жалақы өсімімен қатар инфляцияны тежеу мен баға тұрақтылығын сақтау да маңызды екенін атап өтті.

Менің ойымша, бұл 110 000 теңгеге дейін көтерілу жоспары белгілі бір түрде инфляцияны еңсеру, белгілі бір экономикалық дамуда өзге әлеуметтік категорияларға көмек көрсету секілді мәселемен бірге болмақ, -деді экономист.

Президент Жолдауында қалалардың цифрлық сыңарын әзірлеу және ірі қалалардың орта және ұзақ мерзімді даму жоспарларын жасау міндеті де қойылды. Ерлан Сайырдың пікірінше, аумақтық дамуда шағын және моноқалаларға басымдық беру қажет. Себебі олардың инфрақұрылымын жаңғырту мен тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту өңірлердің теңгерімді дамуына ықпал етеді.

Бүгінгі таңдағы назар аударылмай отырған қалалар – ол моноқалалар және кіші қалалар. Қазақстанда 62 кіші қала бар. Міне, осы 62 кіші қаланың ең негізгісі – инфрақұрылымы, яғни жылу жүйелері, сонымен бірге бүгінгі заманға сай урбанистикасы және ең негізгісі, сол жердегі азаматтардың әлеуметтік деңгейін қалыптастыру ең негізгі назарда болу керек, - деді Құрылтай депутаты.

Ал халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру үшін технология енгізумен шектелмей, артық бюрократияны азайту маңызды. Экономист Қажыгелді Шамбыл цифрландырудың нәтижесі мемлекеттік және бизнес процестердің жеңілдеуінен көрінуі керек деп есептейді.

Мемлекет басшысы цифровизацияны дебюрократизациямен параллельді айтты осында. Яғни, қазіргі бар қағазбастылықты цифрға көшіру – цифрландыру емес,-деді Қажыгелді Шамбыл.

Сарапшылардың айтуынша, цифрлық технологиялар қалалық ресурстарды тиімді басқаруға, инфрақұрылым мәселелерін жедел шешуге және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ерлан Сайыр ірі қалалардың даму жоспарларында қауіпсіздік пен өмір сүруге жайлы жағдай жасауға басымдық берілуі керек екенін атап өтті.

Әрбір қала ол азаматтарға тұруға лайықты және ең негізгісі қауіпсіз болу керек, - деді Ерлан Сайыр.

Сарапшылар Президент Жолдауындағы құрылыс, халық табысы, цифрландыру және қалаларды дамыту бағыттарын өзара байланысты міндеттер ретінде бағалайды. Олардың пікірінше, бастамалардың тиімділігі инвестицияның нақты нәтижесіне, өңірлердегі инфрақұрылымның жақсаруына және халықтың өмір сапасының артуына байланысты.

Сондай-ақ оқыңыз: