Елімізде 4,6 мың шақырымнан астам ирригациялық желі жаңғыртылып жатыр

Фото: ЖИ

Қазақстанда су саласына 1 трлн теңге инвестиция тартылып, 4,6 мың шақырымнан астам ирригациялық желі жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».

Жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымын тартылған инвестициялар көлемінен де көруге болады. 2023 жылғы қыркүйектен бері су саласының негізгі капиталына шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылды. Осы кезеңде 1,4 мың шақырымнан астам канал, 5 су қоймасы және 8 гидротехникалық құрылыс реконструкцияланды», - деді Нұржан Нұржігітов.

Қазіргі уақытта 4,6 мың шақырымнан астам ирригациялық желі жаңғыртылып жатыр. Биыл оның 964 шақырымын аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде 200 мың гектарға жуық суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.

Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін заңнаманы жетілдіру жұмыстары да жалғасуда. Атап айтқанда, автокөлік жуу орындарында технологиялық мақсаттарға орталықтандырылған ауызсуды пайдалануды шектеу бойынша Су кодексіне түзетулер әзірленген.

Заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында автокөлік жуу орындарында технологиялық мақсаттарға орталықтандырылған ауызсуды пайдалануды шектеу бойынша Су кодексіне түзетулер әзірленді, - деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз: