Атырауда «Іскер аймақ» бағдарламасымен 23 кәсіпкерге қолдау көрсетілді
Биыл Атырауда «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша 23 жоба мақұлданып, 1,2 млрд теңгенің қолдауы көрсетілді.
Мәселен, шағын цехтан басталған кәсіп мемлекеттік қолдаудың арқасында құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорынға айналды. Атыраулық кәсіпкер «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында 300 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өндіріс желісін кеңейтті. Алғашында пенопласт өндірумен айналысқан компания қазір құрылысқа қажетті өнімдердің бірнеше түрін шығарады. Минералды мақтадан жасалған сэндвич-панельдер, профильдер мен заманауи жеңіл бетонға сұраныс жоғары. Алдағы уақытта тұрғын үйлердің қасбетін әрлеуге арналған материалдар өндірісін іске қосады. «Өрлеу» бағдарламасының игілігін былтыр 23 кәсіпкер көрді. Оларға 6 млрд теңге несие берілді. Биыл елде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 2 мыңнан аса жоба қолдау тапты.
Расул Айтасов, "Теплый дом Атырау" ЖШС коммерциялық директоры:
- Біз «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында 300 млн теңге жеңілдетілген несие алып, өндірісті кеңейттік. Мемлекеттік қолдауды сезініп жатырмыз. Қазір тауарларға сұраныс жоғары. Жуырда тағы бір жаңа желіні іске қосамыз. Қазір мұнда 50 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдеріміз көрші облыстарға да жіберіледі.