Павлодар облысында шаруалар рекордтық көлемде картоп жинады

Павлодарлық шаруалар биыл рекордтық көлемде картоп жинады.  

Қоймаларға бір миллион тоннадан астам өнім түсті. Жиналған өнім өңір тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Артылғаны экспортқа шығарылады. Ендігі міндет – өнімді ысырапсыз сақтап, тиімді бағамен сату- дейді көкөніс өсірушілер. 

Биыл жаздағы аптап ыстық шаруаларды біраз әбігерге салды.     Ертіс өзенінің бойындағы шаруашылықтар картопты  суармалы алқаптарға еккендіктен, шығынға батпай, тығырықтан шықты.   Қажырлы еңбек, жаңа технология мен көп жылдық тәжірбиенің нәтижесі жаман болған жоқ. Одан бөлек, мемлекеттен қолдау бар. Көкөніс егудің жаңа әдіс-тәсілдері де енгізіліп жатыр.

Қайсар Әбілғазинов, "ANDASAGRO" ЖШС агрономы:

- Біз озық технологияларды қолданамыз. Микро және макроэлементтерге бай тыңайтқыштардың түр-түрін пайдаланамыз. Биылдан бастап органикалық тыңайтқыштарды да қолдана бастадық. Мұның барлығы өнімділікті арттыруға оң ықпалын тигізіп отыр. Биылғы маусым оңай болған жоқ. Қара күзге дейін аптап ыстық сақталды. Соған қарамастан, барлық дақыл түрлері бойынша жақсы өнім жинадық деп сеніммен айта аламын. 

Биыл облыста бір миллион тоннаға жуық картоп жиналды. Бұл былтырғыдан 193 мың тонна артық. Жиналған өнім өңірдің жылдық қажеттілігінен 12 есе көп. Қазір картоптың бір бөлігі Өзбекстан, Ауғанстан мен Ресейге экспортталуда.  Қазіргі міндет – алдымен ішкі нарықты толық қамтамасыз ету. Өнімнің бір бөлігі саудаға шығарылса, қалғанын қысқы маусымға сақтау үшін қоймаға жинайды. 

Есентай Мұрсәлімов, Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Облыстың азық-түлік қажеттілігін қамтамасыз ету үшін шамамен 75 мың тонна өнім қажет. Ал 2027 жылғы егін науқанына қазірдің өзінде 80 мың тонна тұқым дайындалды. Бұдан бөлек тұқым шаруашылықтарында сатуға арналған тағы 30-40 мың тонна тұқым қоры бар.

Елімізде өсірілген картоптың үштен бір бөлігі Павлодар облысына тиесілі. Әкімдік жергілікті шаруалармен 2026–2027 жылдары картоп пен сәбіздің бағасын тұрақты ұстау туралы келісімге келді. Ол үшін тұрақтандыру қорына 13 мың тонна өнім жиналады. Көкөністің келісі 100 теңгеден қымбат болмауы тиіс. Ал дүкендер үстемені 10 проценттен асырмауы тиіс.

Авторлары Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Сондай-ақ оқыңыз: