Павлодар облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары басталды
Павлодар облысында көктемгі ықтимал су тасқынына дайындық жұмыстары басталды. Қардың мөлшері мен күннің қашан жылынатынын дәл болжау қиын. «Сондықтан қауіптің алдын алу шараларын ерте қолға алдық», – дейді мамандар. Өңірде бөгеттер нығайтылып, арықтар тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.
Автожолдарға су өткізетін құбырлар орнатылды. Биыл ұзақ уақыт бойы апатты жағдайда тұрған Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың кейбір гидротехникалық құрылыстарын жаңғырту жұмыстары да қолға алынды.
Биыл облыс бойынша 13 инженерлік жоба аяқталды. 150 метр қорғаныс бөгеті салынып, нығайтылды. Бұған дейін су тасқыны қаупі төнген ауылдарға да ерекше көңіл бөлінуде. Жұмыстар Қаныш Сәтбаев атындағы каналда да жүргізіліп жатыр. Мұнда су өткізу жүйесі қалпына келтіріліп, бөгеттің жағдайын тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін автоматты жүйе орнатылуда.
Шәкір Ахметов, облыстық ТДЖ басқарма басшысы:
– Биыл Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың №87-бөгетін жөндеу жұмыстары қолға алынды. Екібастұз өңірінде орналасқан бұл нысан ұзақ уақыт бойы апатты жағдайда болған. Қазіргі уақытта бөгетті қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Қаныш Сәтбаев атындағы каналдағы бөгетті жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Облыс көлемінде, соның ішінде Успен ауданында жолдарға су өткізетін құбырлар орнатылып, 2 мың метрден астам су бұру арығы қазылды. Бұл – көктемде қар суының жолдарды шайып, бүлдіруіне жол бермеуге бағытталған шаралар.
Тілекжан Ғалямов, Успен ауданы ТЖ бөлімінің басшысы:
– Қазіргі таңда осы Успен ауданында Павловка-Рождественка тас жолында үш нүктелі су құбыры орнатылған. Одан басқа осы аталған тас жолда төрт жерде жаңадан су құбырлары орнатылды биылғы жылы. Орнатылған құбырлар аталған осы тас жолды көктемгі күні су тасқынынан қорғайды.
Жазық жерде орналасқан ауылдарға су көбіне даладан келеді. Сондықтан мұндай елді мекендердің айналасына топырақтан қорғаныс бөгеттері үйіледі. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстарды жер қатпай тұрып жүргізу әлдеқайда тиімді. Бөгеттер жергілікті әкімдіктермен бірлесіп салынып жатыр.
Ғазым Қуанов, Успен ауданы әкімінің орынбасары:
– Ауданда ұзындығы 1300 және 800 метр болатын екі қорғаныс бөгеті салынды. Биіктігі шамамен 2 метр. Ал Белоусовка ауылында ұзындығы 2300 метрге жуық тағы бір бөгет тұрғызылды. Оның биіктігі шамамен 2,2 метр.
Осылайша, Павлодар облысында 2027 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі мақсат – ықтимал қауіптің алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев