Үш жылдық мораторий бизнеске не береді?

Фото кадрдан алынды

Қазақстанда шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік қысымды азайтуға мүмкіндік береді. Алайда бұл бастама бақылауды толық тоқтату деген сөз емес. Ең бастысы – кәсіпкердің заңды жұмысына кедергі келтірмей, экономикалық белсенділікті арттыру. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің сыртқы экономикалық қызмет және инвестиция қауымдастығының төрағасы Қайрат Айтбай «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты. 

Оның айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан тіркелген заң бұзушылықтар 34 пайызға азайған. Соған қарамастан, айыппұл сомасы 11 пайызға өскен. Сарапшы бұл жағдай кәсіпкерлерге бақылау шараларын қолдануда тепе-теңдік қажет екенін көрсетеді дейді.

Кәсіпкерлер – олар салық төлеушілер, кәсіпкерлер – олар жұмыс берушілер. Біздің экономикамыздың негізгі тірегі солар болады, - деді Қайрат Айтбай.

Сарапшы экономикалық қылмыстарды декриминализациялау мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, алаяқтық немесе салықтан әдейі жалтару заң аясында жазалануы тиіс. Ал кәсіпкердің қаржылық қиындыққа тап болуы немесе келісімшарттағы міндеттемелерін уақытында орындай алмауы бірден қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқпауы керек.

Біз алаяқтық, арнайы әдейі бұрмалау, әдейі салықтан қашу мәселелерін айтып тұрған жоқпыз. Ол болса да заңмен шектелу керек, заңмен ол жазалануы керек. Ал енді кейбір кездерде тауар әкеліп қойғаннан кейін оған уақытша төлейтін ақшасы болмай қалады, болмаса контрагенттің оған араларындағы қарым-қатынастарында шарттарды орындай алмай жатқан жағдайы болады. Енді бұл жерге экономикалық қызмет деп оған күш көрсетуге болмайды, - деді Қайрат Айтбай.

Қайрат Айтбай отандық өндірушілерді қорғау қажеттігін де атап өтті. Оның сөзінше, кейбір импорттық тауарлардың кеденнен төмендетілген бағамен өтуі жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етеді. Сондықтан шетелдік және отандық өнімдерге тең жағдай жасалуы қажет.

Шетелден келген импорттардың келетін тауармен біздің отандық өндірушілердің тауарлары бірдей заңда, бірдей негізде, құқық төмендетілмегендей жағдайда болу керек, - деді Қайрат Айтбай.

Сондай-ақ сарапшы Президент Жолдауында айтылған 6,5 триллион теңгелік халықтық құрылыс бағдарламасына шағын және орта бизнес өкілдерін кеңінен тарту маңызды екенін жеткізді. Оның пікірінше, ірі инфрақұрылымдық жобаларға қазақстандық кәсіпорындар да қатысуы керек. Бұл құрылыс материалдарын өндірушілерден бастап, шағын қызмет көрсетушілерге дейін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Үлкен, ірі бір тендерлер өткен кезде соның жанына, осы шағын кәсіпорындарды тартуға мүмкіндік беретін тетіктерді ашып беру керек. Құрылысшының қарапайым етігімен, қолғабын тігіп берсе де, соның өзі жұмыс, соның өзі шағын кәсіп иелерінің бала-шағасының нәпақасын асырауға, шынын айтқан кезде, жетіп жатыр, - деді Қайрат Айтбай.

Сарапшының пайымынша, кәсіпкерлікке қолдау көрсету – тек бизнес иелеріне жеңілдік беру емес. Өйткені шағын және орта кәсіпорындардың артында мыңдаған жұмысшы мен олардың отбасы тұр. Сондықтан кәсіпкерге тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік беретін сенімді әрі әділ орта қалыптастыру маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз: