«Халықтық құрылыс» отандық бизнеске қандай мүмкіндік береді?

фото: ЖИ

«Халықтық құрылыс» жобасы аясында құрылыс жұмыстарының көбеюі шағын және орта бизнестің дамуына қосымша мүмкіндік береді. Отандық құрылыс материалдарын өндірушілерге, қызмет көрсету саласына және білікті мамандарға сұраныс артуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Қазір шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40%-дан асады. Депутат бұл көрсеткіш кәсіпкерлік сектордың ел экономикасындағы маңызды орнын көрсететінін атап өтті. Сондықтан бизнестің тұрақты дамуына жағдай жасау қажет.

Аббат Өрісбаевтың айтуынша, құрылыс саласына бөлінетін қаржы тек нысан тұрғызумен шектелмейді. Оның әсері құрылыс материалдарын өндіру, тасымалдау, жабдықтау және өзге де қызмет көрсету салаларына таралады. Жұмыс көлемі артқан сайын қосымша мамандарға қажеттілік туып, оларды даярлау мәселесі де өзекті бола түседі.

Құрылысқа ауқымды қаражат бөлінгеннен кейін оның мультипликативтік әсері болады. Яғни әртүрлі саланың қызметіне сұраныс артады. Жұмыс көлемі көбейген сайын қосымша мамандар тартылып, оларды оқыту, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де туындайды, – деді депутат.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің жобаларға қатысуы үшін қолайлы орта қалыптастыру маңызды. Депутаттың пікірінше, бизнес өкілдері қаржыға қол жеткізіп, кәсібін кеңейте алуы керек. Ал салық заңнамасындағы өзгерістер алдын ала түсінікті болып, кәсіпкерлерге қосымша кедергі келтірмеуі қажет.

Ол шағын және орта бизнесті қолдаудың бір тетігі ретінде мораторийді де атады. Кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік салмақты азайту олардың жұмысын кеңейтіп, экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, депутат цифрландырудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, заманауи технологиялар кәсіпкерлердің табысын ашық көрсетуіне, салық міндеттемелерін орындауына және заңды түрде жұмысын дамытуына мүмкіндік береді. Қазақстанның банк жүйесінде қолданылып жүрген цифрлық шешімдерді экономиканың басқа салаларына да енгізу қажет.

Сондай-ақ оқыңыз: