Қазақстан фармацевтикалық өнімдерінің экспорты 17,8 пайызға өсті
Қазақстанда фармацевтикалық өнім экспорты артып, салаға инвестиция тарту қарқыны күшейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша отандық дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдердің экспорты 17,8 пайызға өсті, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Қазақстан–Ауғанстан медициналық бизнес-форумында мәлімдеді.
Ендігі мақсат – экспорт географиясын кеңейтіп, Ауғанстан нарығына шығу. Қазір қазақстандық фармацевтикалық өнімдердің басым бөлігі көршілес мемлекеттерге жеткізіледі. Ал Ауғанстан нарығы отандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндік саналады.
Экспорт көлемінің өсуімен қатар, салаға инвестиция тарту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2025 жылғы желтоқсаннан бері жалпы сомасы 391,3 миллиард теңгені құрайтын сегіз инвестициялық келісім жасалған. Олардың қатарында «Химфарм», «Нобел», «Алтинфарм», «Ромфарм» және басқа да отандық әрі шетелдік компаниялар бар.
Форум аясында 28–29 қазанда Ауғанстан делегациясы Қазақстанның ірі фармацевтикалық кәсіпорындарын аралап, өндірістік қуатымен, технологияларымен және сапаны бақылау жүйесімен танысты.
Бүгінде елімізде фармацевтикалық өнім өндіретін 209 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 43-і дәрілік заттар шығаруға, қалғаны медициналық бұйымдар өндіруге маманданған.
Мамандардың айтуынша, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және экспорттық нарықтарды кеңейту отандық фармацевтика саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.