«Халықтық құрылыстан» қаржы институттары да қалыс қалмауы керек

Сондықтан Үкіметтің алдында ұзақмерзімді қаражат көздерінің барлығын жұмылдыру міндеті тұр. Жуырдағы Жолдауында Президент: «Мемлекет қаражаты жеке инвестиция тартуға кепіл болуы керек», - деген еді.

Осы тұрғыда банктерге де басымдық берілді. Маңызды стратегиялық міндетті орындау қалай жүзеге асырылуы мүмкін? 

Қаржы институттарының қажыры сыналатын кез келді. Елде азаматтық инфрақұрылым жаппай жаңғыртылады. Жағада қалмай, жағдай жасау қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Экономиканың басты салаларын ұзақмерзімді кредиттеудің жаңа тәсілдерін іске қосқан жөн. Бұған банктер, даму институттары, халықаралық қаржы ұйымдары және басқа да қаржы көздерін тарту керек.

Басқасын қайдам, банктерге қатысты қоғамда базына көп. «Қарыз беріп, пайыз алып, пайда тауып отыр», - деп сынайды. Сынаса да сытылып кете алмай, айналшықтап жүреді. Несиеге неше түрлі себеппен жүгінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осыған орай, Ұлттық банкке баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, экономиканы дамытуға жол ашатын бастамаларды жүзеге асыруға да атсалысатын кез келді. Экономикамыз ұзақмерзімді қаржыландыруды қажет етеді. Оны толық өтеуге бюджет пен даму институттарының қауқары жетпейді. Банктер бизнесті инвестициялық кредиттеуге барынша атсалысуға тиіс. Бұл – олардың негізгі миссиясы.

Халықтың қалтасына қарайлаған банктер енді «Халықтық құрылыстан» да қапы қалмай, қам жасау қажет. Түрленіп, түлкі бұлаңға сала алмайды. Есебі електен өткізіліп қойған. Елдің қаржы жүйесі орнықты деңгейде. Банктер активі 75 трлн теңгеден асқан. Депозиттері рекордтық көрсеткішке жетті. 52 трлн теңге. Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған. Енді қалғаны қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға тиімді пайдалану. Дегенмен банк – бірінші кезекте бизнес. Қордағы қаржысының 10 пайызы ғана өз активі. Кредитке берілетіні сіз бен біздің депозитіміз бен салымымыз.

Расул Рысмамбетов, экономист:

- Банктер ең алдымен салымшылардың ақшасын шығарып, қандай да бір жобаға бағыттау үшін мемлекеттен кепілдік керек. Яғни электр энергиясы, газ және нарық, тағы басқа тәуекелдер толық шешілсе, онда банктер қаржыны жылдам жинай алады. Мәселен, банктер көше жарықтары, жолға тас төсеу сияқты жобаларға кредит беруден именеді. Өйткені ашықтығына күмән келтіреді. Оның үстіне салымшылардың да көңілі толмайды. Ал банктер тұтынушылар депозиттеріне пайыз қосып отыруға міндетті. Сондықтан банктерге ақша шығар деп емес, нақты іске асырылатын жобаны көрсету керек.

Орынды уәж. Үдемелі индустриялды-иновациялық даму бағдарламасы соған дәлел бола алады. Алаулатып-жалаулатып талай зауыт ашылды. Бірақ басым бөлігі банясыз. Бұндайды көрген банктер ат-тонын ала қашады.

Расул Рысмамбетов, экономист

- Үкімет бюрократияның нөлдік деңгейін қамтамасыз етуі керек. Жобаларды мақұлдап, 7 рет өлшеп, 1 рет кесіп, тәуекелдерін ескеруі керек. Банктер де тәуекелдерге мән береді. Ал Ұлттық банк ірі бизнес жобалар бойынша ең төмен резервтік талаптарды жұмсарта алады. Проблема мынада. Қазір банктерді казиноға теңестіріп қойған. Салықтық жүктемесі – 25 пайыз. Неге банктер қысқа мерзімді кредиттер береді? 6 ай, 1 жыл. Себебі салықтық жүктемесіне қарай ақша айналымын тездетуі керек. Ал өндірістік жобалар – 5-7 жыл. Осы аралықта қарқын ала бастайды. Бірақ егер банктер маңызды өндірістік жобаларды қаржыландырса, Үкімет те жеңілдіктер жасайды. Қысқасы бәрін дұрыс үйлестірсе, мәселені реттеуге болады.

Президент Жолдауында банк жүйесіндегі кәдеге жаратылмай жатқан бос қаржы туралы айтты. Оны тиімді реттеу жолын ойлап табуды тапсырды. Бір ұсыныс бар.

Расул Рысмамбетов, экономист:

- Банктер бюджеттік тапшылықты қаржыландырып отыр. Олар қаржы министрлігінен мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алады. Сол ақша өңірлерге, министрліктерге таратылады. Банктердің мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алуын тоқтатса жақсы болар еді. Себебі қомақты ақша өзінде қалады. Мүмкін сол кезде қандай да бір бизнесті қаржылай қолдайтын шығар.

Түйіні банктер салымшылар ақшасын сағымға емес, соғымға сала алады. «Яғни ұртын толтырып, мұрты майланатынына көз жеткізуі керек», - дейді сарапшы. Президент те мұны заң талаптарын бұзбай әрі мемлекет мүддесіне сай қалай жүзеге асыруға болатынын қаржы қауымдастығымен бірлесіп, жан жақты ойластыруды тапсырды.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мирлан Алтынбек, Санжар Біргебаев  

Сондай-ақ оқыңыз: