Астанада демалыс күндері соғым жәрмеңкесі өтеді

Астана әкімдігі

Астанада 7-8 қараша күндері Ақмола, Абай, Қарағанды, Павлодар және басқа да облыстардан келген фермерлік шаруашылықтардың қатысуымен ауқымды «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі басталады, деп хабарлайды «24KZ».

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, жәрмеңке аясында 1 000 тоннадан астам ет өнімін сату жоспарланып отыр.

Соғым – қазақ халқының қысқа дайындықпен байланысты ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі.

Ата-бабамыз етін қамдап, отбасымен дастарқан басына жиналып, жақындарымен дәм бөліскен. Бүгінде «Соғым-FEST» осы дәстүрді заманауи форматта жалғастырып, отандық фермерлер мен елорда тұрғындарын бір алаңда тоғыстырады.

Жәрмеңке қала тұрғындарына ет өнімдерін тікелей өндірушілерден сатып алуға, қысқы маусымға қажетті азық-түлік қорын дайындауға және отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға мүмкіндік береді.

Жәрмеңкелер әр демалыс күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін қаланың үш алаңында өтеді:

«Keruen Joly» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 35Б;
«Ет Әлемі» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 31/1;
«Jurt» сауда орталығы – Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3.

Жәрмеңке өтетін орындарға қоғамдық көлікпен жетуге болады.

«Keruen Joly» және «Ет Әлемі» сауда орталықтарына №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 76, 81, 82, 120, 120А, 307 және 317 автобус бағыттары қатынайды.
«Jurt» сауда орталығына №2, 7, 13, 32, 42, 49, 50, 67 және 73 автобус бағыттары арқылы баруға болады.

Сондай-ақ оқыңыз: