Өңірлерді дамыту: ауыл мен қаладағы әлеуметтік мүмкіндіктер теңестіріледі

Дамыған қалалар мен өңірлер – күшті мемлекеттің тірегі. Құрылтай депутаты Бақадыр Нарымбетовтің айтуынша, ірі қалаларда өнеркәсіп пен қаржы орталықтары шоғырланғанымен, олардың дамуы айналасындағы елді мекендерге де әсер етуі керек. Бұл үшін ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты азайтып, инфрақұрылымды кешенді дамыту маңызды. Бақадыр Нарымбетов бұл туралы «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Үкімет арнайы тұжырымдама қабылдаған. Ол тұжырымдаманың негізгі мақсаты – ауылды жерлердегі азаматтардың қаланың азаматтарымен бір дәрежеде әлеуметтік-экономикалық қамтамасыз ету мәселесі қаралып отыр. Ол деген сөз – жақсы білім орындары, жаңа медициналық көмекті сапалы және дер кезінде алу мәселелері, - деді Бақадыр Нарымбетов.

Депутаттың сөзінше, 2030 жылға қарай елді мекендердің 71 пайыздан астамында әлеуметтік-экономикалық жағдайды қала деңгейіне жеткізу көзделіп отыр. Бұл ретте қалалардың даму жоспары айналасындағы ауылдармен де үйлестірілуі қажет. Мәселен, жаңа өндіріс орындарына қажетті мамандарды жергілікті жерден даярлау өңір экономикасының дамуына ықпал етеді. Ал өндірістің күшеюі ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы өндіру мен жеткізуге деген сұранысты арттырады.

Егерде қаланың индустрияда қандай зауыт салынатынын, қандай бағытта дамитынын айналадағы аумақ біліп отырса, сол зауытқа қандай жұмысшы керек, қандай маман керек екенін бәрін біліп отырады. Ол өңірлер қоса дамиды, сол жақтағы үрдіс ары қарай ауылға дейін жетеді, - деді депутат.

Ауыл мен қаладағы білім сапасын теңестіру де маңызды. Бақадыр Нарымбетов урбанизация үдерісін тоқтату мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан ауыл жастарына сапалы білім алып, кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік берілуі керек. Бұл ретте цифрландыру мен интернеттің маңызы зор. Ал медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін телемедицина мүмкіндіктерін кеңейту қажет.

Депутат өңірлерде мектеп, аурухана және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысын жоспарлау кезінде жергілікті қажеттілікті ескеру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бір елді мекенге жаңа мектеп қажет болса, екіншісінде медициналық мекемені жаңарту өзекті болуы мүмкін. Сондықтан мұндай шешімдерді қабылдауда қоғамдық кеңестердің рөлі маңызды.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тарту қажет. Нысанның құрылысы басталғанға дейін сұранысқа ие мамандарды даярлау арқылы ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуға болады.

Сол жерде жұмыс істеп жатқан адам да сол ауылдың адамы болу керек. Егерде сварщик керек болса, оған сварщик-дәнекерді оқытып алуға болады, - деді Бақадыр Нарымбетов.

Депутаттың пікірінше, өңірлерді дамытуда инфрақұрылымның өзара байланысы, сапалы білім мен медицинаның қолжетімділігі және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту қатар жүруі керек. Бұл ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: