Аустралиядан Батыс Қазақстанға 250 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді
Аустралиядан Батыс Қазақстан облысына 250 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Герефорд және Абердин-Ангус тұқымдарына жататын мал Ақжайық ауданындағы «Amaner-IZI» шаруашылығына жеткізіледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Асыл тұқымды ірі қара Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға жеткізілген. Одан кейін ветеринариялық бақылаудан өтіп, белгіленген талаптарға сәйкес 21 күн карантинде ұсталды.
Карантин кезінде мамандар жануарлардың физиологиялық жағдайын бағалап, жұқпалы аурулардың клиникалық белгілерінің жоқтығын тексерді. Сондай-ақ ветеринариялық ілеспе құжаттардың сәйкестігі мен санитариялық талаптардың сақталуына назар аударылды.
Барлық қажетті рәсімдер аяқталған соң мал Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Бударино ауылындағы «Amaner-IZI» шаруашылығына апарылады.
Министрліктің мәліметінше, асыл тұқымды малды әкелу шаруашылықтың генетикалық қорын кеңейтіп, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Герефорд пен Абердин-Ангус тұқымдары ет өнімділігінің жоғарылығымен және жергілікті жағдайға бейімділігімен ерекшеленеді. Оларды етті бағыттағы мал шаруашылығында кеңінен пайдалануға болады.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту – Қазақстанның агроөнеркәсіптік саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл мал басының сапасын жақсартуға, өнімділікті арттыруға және отандық асыл тұқымды мал базасын нығайтуға бағытталған.