Қазақстанда үш жылда төрт аудандық ветеринариялық зертхана іске қосылды
Қазақстанда аудандық ветеринариялық зертханалар желісі кеңейіп келеді. Соңғы үш жылда төрт жаңа нысан іске қосылып, өңірлерде жануарлардың ауруларын анықтау және ветеринариялық бақылау мүмкіндігі артты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Солардың бірі – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында пайдалануға берілген жаңа зертхана. Нысан жылына 800 мыңға дейін зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда жануарлардың жұқпалы ауруларын анықтау, ветеринариялық-санитариялық сараптама жасау және жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін бақылау жұмыстары жүргізіледі.
2024 жылы Павлодар облысының Екібастұз және Абай облысының Абай аудандарында зертханалар іске қосылды. Биыл Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы зертхананың жұмысын жолға қою жоспарланған.
Ал 2026–2027 жылдары Алматы облысының Нарынқол, Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай және Абай облысының Ақсуат аудандарында жаңа ветеринариялық зертханалар ашу жоспарланып отыр.
Зертханалар желісін дамыту өңірлерде ветеринариялық зерттеулердің қолжетімділігін арттырып, жануарлар ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз