Жамбыл облысында бір миллион тонна қант өңдеуге қауқарлы зауыт ашылады

Жамбыл облысында 2029 жылға дейін тағы бір қант зауыты ашылады.  

Жаңа кәсіпорын жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы. Жобаны түрік инвесторлары жүзеге асырады. Қазір зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Президент Жолдауын түсіндіру үшін өңірге келген республикалық ақпараттық топтың өкілдері мәлімдеді. Олар агросала өкілдерімен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады.

Жиында шаруаларды қаржылай қолдау, жеңілдетілген несие беру және көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаражат мәселесі сөз болды. Мемлекет басшысы Жолдауда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беруді тапсырды. Осы бағытта алдағы үш жылда елімізде 6 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Кәсіпорындар бидай, жүгері, арпа және қант қызылшасы секілді өнімдерді терең өңдейді. 

Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Терең өңдеу бойынша 6 жоба бізде межеге қойылған. Алты жоба 6 млн тонна астықты терең өңдеуге мүмкіндік береді. 2029 жылдың аяғына дейін іске асырамыз деп жоспарлап жатырмыз. Оның екеуі бүгінгі таңда іске қосылды. Біреуі Жамбыл облысында, екіншісі Түркістан облысында. Қалған жобалар солтүстік өңірлерде, Қызылорда облысында іске асырылады деп жоспарланып отыр. 

Өңірде былтыр жүгеріні терең өңдейтін кәсіпорын іске қосылды. Қытайлық инвесторлар салған зауыт жылына 500 мың тонна шикізатты өңдей алады. Алдағы уақытта өндіріс қуатын 3 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Жамбыл облысында жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдейтін жаңа зауыттың құрылысы басталады.

Әбілқайыр Тамабек, ҚР Құрылтайының депутаты:

- Қаражаты Германияның Додж банкінен, содан қаражат алу мәселесі шешілді. Астана қаржы орталығына компаниясын тіркеді. Осы 1-2 ай көлемінде Жамбыл облысына компанияның филиалын ашатын болады. Одан кейін келесі жылдан бастап қант зауытының құрылысы мен жұмыстарды бастайды.

Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бағытындағы қаржыландыру көлемі де артады. Қазір сүт-тауарлы фермалар мен ет комбинаттарын салуға жыл сайын 100 миллиард теңге бөлінеді. Бүгінде елімізде 72 сүт фермасы іске қосылып, жылына 470 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік жасалды.

Авторлары Мерей Бает, Бақытжан Бапаев

Сондай-ақ оқыңыз: