Маңғыстау өңірінде бірнеше инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады

Маңғыстау облысында 2027 жылы бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады.

Өңірде жаңа теңіз порты салынып, халықаралық және республикалық маңыздағы жолдар жаңғыртылмақ. Бірнеше мектеп және денсаулық сақтау нысандары бой көтереді. Ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспары аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

«Халықтық құрылыс жылы» аймақта 9 негізгі бағыт бойынша 43 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады. Оған 579 млрд теңге бағытталады. 106,4 млрд теңгесі энергетикалық жобаларға жұмсалмақ. Мәселен, Ақтауда жылу қазандығының құрылысы басталды. Нысан алты шағын ауданда жылу жетіспеушілігі мәселесін толық жояды. 

Бердібек Қартбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Газ саласына келетін болсақ: Ақтау қаласы және оған іргелес елді мекендерді, одан бөлек салынатын ірі өндірістік кәсіпорындарды газбен қамтамасыз ету мақсатында "Жаңаөзен-Ақтау" желісінің төртінші тінін қазіргі таңда пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. 

Облыста 826 мыңнан астам халық тұрады. Жыл басынан бері 10 мың 334 сәби дүниеге келді. Сәйкесінше жаңа мектеп салу әрі қолданыстағы білім беру инфрақұрылымын кеңейту мәселесі өзекті. Келер жылы Мұнайлыда әрқайсысы 1200 орындық 2 мектеп салынады. 

Бекмұрат Жүсіпов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

- Президент тапсырғандай, облыста көп бейінді балалар ауруханасы салынатын болып шешілді. Сонымен қатар оңалту орталығы салынады. Қазір орталық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Оны да қаржыландыру осы бөлініп жатқан ұлттық қордан әрі қарай жалғасады. 

Маңғыстау елде көлік инфрақұрылымы жағынан алдыңғы қатарда. Сарапшылар жолдардың 97%-ын жақсы жағдайда деп бағалаған. Десек те, өңірдің туристік әлеуетінің артуы, жүк тасымалының, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы жолдардың өткізу қабілетін арттыруды қажет етеді. Осы мақсатта жалпы құны 59,6 млрд теңге болатын бірнеше жолды қайта жаңғырту көзделген. 

Авторлары Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Сондай-ақ оқыңыз: