7 жылда агросектордағы өндіріс көлемі 2 есеге жуық өсті

Кейінгі 7 жылда отандық ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 2 есеге жуық өсті. Техникаларды жаңарту, заманауи құрал-жабдықтарды кеңінен қолдану, сапалы тұқым пайдалану және тыңайтқышты көбейту нәтижесінде шаруалар осындай межеге жетіп отыр. Ал қаражатты мемлекеттік бағдарламалар аясында алады. 

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының күре тамыры болып қала береді. Кейінгі 7 жылда саладағы өндіріс көлемі шамамен 2 есе артқан. Сандарды сөйлетсек, тауардың жалпы құны 2019 жылы 5 трлн теңге болса, былтыр 10 трлн теңгеге жуықтады. Агросекторға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жемісі бұл. Жыл сайын төмен пайызбен берілетін несие 1 трлн теңгегеден асты. Қаржылай қолдау алған шаруалар маусымдық жұмыстарға ерте қамдана алады.

Болат Әбдірахманов, шаруа:

- Бірінші, желтоқсан айында, екінші траншты наурыз айында алып отырмыз. Өте тиімді. Ертерек алғасын тыңайтқыштарды, гербициттерді жақсы бағамен аламын алдын ала төлеп. Жанармай жеңілдетілген бағамен алып жатырмыз.

Кейінгі жеті жылда азық-түлік өндірісінің көлемі 2,3 есе ұлғайды. Енді агросектордағы өңделген өнім үлесін арттыру керек. Ет-сүт, астық пен майлы дақылдарды қоса алғанда, шикізаттың 64 пайызы өңделеді  Биыл осы көрсеткішті 70 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр.

Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қайта өңдеу үлесінің артуы біздің экспортымызда да көрініс тапты. Осыдан бірнеше жыл бұрын экспорттағы қайта өңделген өнімнің үлесі 43 пайызды құраған болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 52 пайызды құрады.

Агросекторды қолдау шараларының ауқымы одан әрі кеңейеді. Президент Жолдауда жаңа міндеттер жүктеді. Соның ішінде шаруалар алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауы үшін қаржыландыру жүйесі жаңарады.

Сондай-ақ оқыңыз: