Еңбек қауіпсіздігін бақылау күшейеді
Өндірістік жарақаттың салдарынан бұрын алдын алу маңызды. Бұл үшін әрбір өндіріс орнында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін білікті маман қажет. Ал оларды даярлайтын орталықтарға тұрақты бақылау болмай тұр.
Сарапшылардың айтуынша, кейбірі оқытпай-ақ сертификат берген. Енді мұндай орталықтарға талап күшейеді. Қазір тиісті құжат жан жақты талқыланып жатыр.
Өндіріс болған соң жарақат та болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл алты айдың ішінде 727 жұмысшы зардап шеккен. Солардың жартысынан көбі – ауыр жарақат алған. Заңнамада әрбір жұмысшыны жазатайым оқиғалардан сақтандыру тетігі қарастырылған. Кейбір жұмыс берушілер дау-дамай туындаған кезде мұндай шарт жасалмағанын алға тартуы мүмкін. Алайда...
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:
- Сақтандыру шартының болмауы жұмыс берушіні жауапкершіліктен босатпайды. Егер жұмыскер сақтандырылмаған болса, жұмыс беруші тиісті шығындарды өз қаражаты есебінен толық өтеуге міндетті. Мұндай жағдайда емделу, оңалту шығындарын төлеу және жоғалған табысты өтеу мәселелері тікелей жұмыс берушіге жүктеледі.
Әрине, бұл талап оқиға салдарына ғана қатысты. Ал жазатайым жағдайдың алдын алу бәрінен маңызды болып тұр. Сарапшылардың айтуынша, ең алдымен еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытатын орталықтарға талапты күшейту керек. Бұл мекемелердің қызметі тұрақты бақылануға тиіс. Әйтпесе кейбірі оқытпай-ақ сертификат берген. Сондықтан енді емтиханды арнайы Бірыңғай платформа арқылы өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Орталықтардың қызметі де цифрлық бақылауға алынуы мүмкін.
Нұрлан Исекеев, Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ҒЗИ меңгерушісі:
- Бұл заң бәріне қатысты, барлық мекемеге. Өндіріс болсын, жеке кәсіпкер болсын. Штатында адам болса, ол міндетті түрде оқудан өту керек. Мемлекеттік жүйеде тіркеліп оқыту мекемелері бұрынғыдай салғырттық танытпауы керек. Оқымай сертификаттар беру сияқтылар енді болмайды.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпсіздік талаптары бойынша өндіріс орындарына тексеріс жүргізеді. Биыл алғашқы алты айда 570 кәсіпорында 10 мыңнан астам кемшілік анықталған. 523 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Жандос Битабаров