Қазақстан 2031 жылға қарай ірі қара санын 12 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр
Елімізде мал басының өнімділігін арттыру үшін шетелден асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал әкелу жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда негізгі мақсат – импортқа тәуелді болу емес, отандық малдың генетикалық әлеуетін күшейтіп, сапалы төл өсіру. Ал 2031 жылға қарай ірі қара санын 12 миллионға жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас сарапшысы Әлиақпар Панов «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Қазақстанда 2026 жылғы дерек бойынша 8,8 миллион бас ірі қара және 20,8 миллион бас ұсақ мал тіркелген. Оның ішінде асыл тұқымды ірі қараның саны 994,1 мың басқа жетіп, жалпы мал басының 12 пайызын құрайды. Ал асыл тұқымды ұсақ мал саны 3,3 миллион басты құрап, үлесі 16 пайызға тең, - деді Әлиақпар Панов.
Әлиақпар Пановтың айтуынша, елімізде малдың тұқымдық сапасын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 2010–2025 жылдар аралығында Қазақстанға 20 мемлекеттен 242,3 мың бас асыл тұқымды ірі қара әкелінген. Негізгі жеткізуші елдер қатарында Ресей, Австралия және Германия бар.
Ал 2026 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша елге тағы 12,3 мың бас асыл тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара жеткізілген. Олардың басым бөлігі Ресей, Дания және Германиядан әкелінген.
Асыл тұқымды мал өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді
Маманның сөзінше, шетелден әкелінген малдың ет және сүт өндірісіне әсері бірден байқалмайды. Себебі елімізге көбіне жас малдар мен құнажындар жеткізіледі. Олар алдымен жергілікті климатқа бейімделіп, кейін ғана төл беріп, өнім өндіруге кіріседі.
Дегенмен, 2010 жылдан бері әкелінген асыл тұқымды малдың нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр. Кейбір ірі шаруашылықтарда бір сиырдан жылына 12–13 мың литр сүт өндіріледі.
Біздің негізгі мақсатымыз – малды тұрақты түрде импорттай беру емес. Қазір әкелініп жатқан мал арқылы отандық генетикалық әлеуетті арттыру, аналық табынды жаңарту және селекциялық желілерді қалыптастыру көзделіп отыр. Сол малдардан алынған төлді әрі қарай өсіріп, елімізде кеңінен тарату жұмыстарын жүргіземіз, – деді Әлиақпар Панов.
Оның айтуынша, бұл бағытта асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар мен республикалық палаталардың жұмысы маңызды. Шетелден әкелінген малды жерсіндіріп қана қоймай, одан сапалы төл алып, жаңа тұқымдық желілерді қалыптастыру қажет.
Мал шаруашылығы өңірлердің табиғи ерекшелігіне қарай дамып келеді
Қазақстанда асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуы өңірлердің климаттық және табиғи жағдайларына тікелей байланысты. Мәселен, ірі қара өсіру батыс өңірлерде, Абай және Ақтөбе облыстарында көбірек шоғырланған. Ал ұсақ мал шаруашылығы оңтүстік аймақтарда жақсы дамыған. Әсіресе Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында қой-ешкі өсіруге қолайлы жағдай бар. Бұл ретте әр өңірдің табиғи әлеуетін ескере отырып, мал тұқымын асылдандыру және өнімділікті арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік қолдау жеңілдетілген несиеге кезең-кезеңімен ауысады
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан субсидиялау тетіктері қарастырылған. Қолдау шетелден әкелінген асыл тұқымды малға да, отандық асыл тұқымды мал сатып алуға да беріледі.
Сонымен қатар 2029 жылға дейін мемлекеттік қолдау қаражатын жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларына кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланған. Бұл – мал шаруашылығын қаржыландыру жүйесін жаңғырту бағытындағы шаралардың бірі.
Алайда асыл тұқымды мал өсіру кез келген шаруашылықтың қолынан келе бермейді. Себебі бұл сала қомақты қаржыны, тұрақты селекциялық жұмысты, ветеринариялық бақылауды және сапалы жемшөп базасын қажет етеді.
Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысу – күрделі жұмыс. Біріншіден, шығыны көп. Екіншіден, тұрақты селекциялық және ветеринариялық шаралар жүргізілуі керек. Өнімділігі жоғары малды сапалы азықпен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар салада білікті мамандар тапшылығы да бар, – деді сарапшы.
2031 жылға қарай ірі қара санын 12 миллионға жеткізу жоспарланған
Мал шаруашылығын дамытудағы алдағы міндеттер 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарда айқындалған. Үкімет әзірлеген құжат аясында мал басын көбейту және саланың өндірістік әлеуетін арттыру көзделіп отыр.
Атап айтқанда, 2031 жылға қарай ірі қара санын 12 миллион басқа жеткізу межесі қойылған. Ұсақ мал саны бойынша мақсат – 28 миллион бас. Бұл міндеттерге қол жеткізу үшін малдың санын көбейтумен қатар, оның тұқымдық сапасын жақсарту, өнімділігін арттыру және отандық селекциялық жұмысты дамыту маңызды.
Қорыта айтқанда, Қазақстандағы мал шаруашылығының негізгі бағыты – мал басын жай ғана көбейту емес, сапалы әрі жоғары өнім беретін мал өсіруге көшу. Шетелдік генетикалық әлеуетті пайдалану, отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру осы мақсатқа бағытталған.