Қазақстанда кәмпит пен печеньедегі трансмай мөлшері қатаң тексеріледі
Қазақстанда кондитерлік өнімдердің құрамындағы трансмай мөлшерін анықтаудың жаңа ұлттық стандарты күшіне енді. 2026 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізілген құжат тәтті өнімдердің құрамын дәлірек тексеруге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Бұған дейін трансмай мөлшерін анықтау үшін ГОСТ 31754-2012 стандарты қолданылған. Алайда ол негізінен май өнімдері мен тағам өндірісіне арналған шикізатты тексеруге бағытталған. Ал дайын кондитерлік өнімдердегі, соның ішінде кәмпит, печенье мен торт құрамындағы трансмай мөлшерін анықтаудың бірыңғай әдісі болмаған.
Енді бұл мәселе СТ РК 4052-2026 ұлттық стандарты арқылы реттеледі. Құжат зертханаларда кондитерлік өнімдердегі трансмай мөлшерін өлшеу мен нәтижелерді бағалаудың бірыңғай тәртібін белгілейді.
Жаңа стандарт кондитерлік өнімдердің қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе, шетелден әкелінетін өнімдерді тексеру кезінде маңызды. Бірыңғай әдіс арқылы өнім құрамындағы трансмай мөлшерін нақты анықтап, тұтынушылардың денсаулығын қорғауға ықпал ете аламыз, – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.
Стандарт 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспары аясында әзірленді. Оны дайындау кезінде кондитерлік өнімдердегі трансмай мөлшерін анықтауға арналған ГОСТ Р 54687-2011 талаптары ескерілген.
Жаңа құжат Кеден одағының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты ТР ТС 021/2011 және ТР ТС 024/2011 техникалық регламенттерімен үйлестірілген.
Ұлттық стандартты «ҚазСтандарт» әзірледі. Оны ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бекітті.