Қазақстанда капитал нарығын дамытудың 7 стратегиялық бағыты айқындалды
Қазақстанда капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды «24KZ».
Бағдарлама Мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы негізінде әзірленді. Құжатта капитал нарығын дамытуға қатысты халықаралық тәжірибе ескеріліп, саланың қазіргі жағдайы сараланған.
Соңғы бес жылда қазақстандық акциялар нарығының капиталдандыру көлемі екі еседен астам өсіп, 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге жетті. Орташа жылдық өсім 22%-ды құрады. Ал борыштық бағалы қағаздар нарығы 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – капитал нарығын бизнес пен инвесторлар үшін қолжетімді ету. Сондай-ақ оны банк кредиттерімен қатар экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың толыққанды көзіне айналдыру көзделген.
Бағдарлама 7 стратегиялық бағыт пен 35 бастаманы қамтиды.
Бірінші бағыт – инвесторлар базасын кеңейту және әртараптандыру. Бұл ретте зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру, ұжымдық инвестицияларды дамыту және жаңа кәсіби басқарушылардың нарыққа шығуына жағдай жасау жоспарланған.
Екінші бағыт борыштық бағалы қағаздар мен туынды қаржы құралдарының нарығын дамытуға арналған. Ол үшін корпоративтік облигациялар шығаруды ынталандыру, секьюритилендіруді дамыту, мемлекеттік борышты басқаруды жетілдіру және тәуекелдерді басқару құралдарын кеңейту көзделген.
Үшінші бағыт аясында IPO-ны ынталандыру және шағын әрі орта бизнестің акционерлік капитал нарығына шығуына мүмкіндік беру қарастырылған. Биржаға шығу рәсімдері жеңілдетіліп, цифрландырылмақ. Сонымен қатар эмитенттерді даярлау бағдарламасы мен салықтық ынталандыру тетіктері енгізіледі.
Төртінші бағыт акциялардың қайталама нарығындағы өтімділікті арттыруға бағытталған. Бұл үшін бағалы қағаздарды қарызға алу және кредиттеу тетігін енгізу, қысқа сатуды дамыту, маркет-мейкингті жетілдіру және халықаралық инвесторлар үшін қолжетімділікті кеңейту жоспарланған.
Бесінші бағытта жаңа қаржы құралдарын дамыту көзделген. Атап айтқанда, цифрлық қаржы активтері, ESG-қаржыландыру және исламдық капитал нарығының мүмкіндіктері кеңейтіледі.
Алтыншы бағыт дәрменсіздік және қайта құрылымдау рәсімдерін жаңғыртуға арналған. Мұнда берешекті реттеу, кредиторлардың құқықтарын қорғау және трансшекаралық дәрменсіздік тетіктерін жетілдіру қарастырылған.
Жетінші бағыт – реттеушілік ортаны жетілдіру. Бұл ретте қор биржасының функцияларын кеңейту, лицензиялау рәсімдерін жетілдіру, тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу және биржадан тыс мәмілелердің ашықтығын арттыру жоспарланған.
Бағдарламаны іске асыру ішкі жинақтарды ұзақ мерзімді инвестицияларға бағыттауға, бизнестің нарықтық қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге және капитал нарығының ел экономикасындағы рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоспарланған шаралардың басым бөлігі «Капитал нарығы туралы» жаңа заң жобасында қамтылады. Құжатты 2026 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауына енгізу жоспарланып отыр.