Қазақстанда шағын және орта бизнес 35 жылда қалай дамыды?
Қазақстан тәуелсіздік алған 35 жыл ішінде шағын және орта бизнес (ШОБ) ел экономикасының жетекші салаларының біріне айналды. 1990-жылдардың басында жеке кәсіпкерлік енді қалыптаса бастаса, бүгінде елімізде екі миллионға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында кәсіпкерлерді қолдау тетіктері жетіліп, бизнестің жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі айтарлықтай артты, деп хабарлайды «24KZ».
Алғашқы қадамдар: кәсіпкерлік қалай қалыптасты?
Қазақстандағы жеке кәсіпкерліктің тарихы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастау алады. Ел нарықтық экономикаға көшіп, мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру қолға алынды. Алғашқы кезеңде жеке бизнес негізінен сауда және қызмет көрсету салаларында өрбіді.
1992 жылғы 4 шілдеде «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» заң қабылданды. Бұл құжат кәсіпкерлік қызметті заңнамалық тұрғыдан реттеуге негіз қалады. 1997 жылы Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры құрылып, кейін ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры болып қайта аталды. Қор 2002 жылдан бастап шағын бизнеске өз қаражаты есебінен тікелей несие бере бастады.
2010 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бекітілсе, 2015 жылы қабылданған Кәсіпкерлік кодекс бизнесті мемлекеттік реттеу мен қолдаудың құқықтық негіздерін жүйеледі. Осылайша, тәуелсіздік жылдарында кәсіпкерлікті қолдау жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты.
Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі қаншаға өсті?
Бұл саланың даму қарқынын жалпы ішкі өнімдегі үлесінен айқын көруге болады. 2005 жылы бұл көрсеткіш 10,5% болса, 2025 жылы 40,9%-ға жетті. Яғни 20 жыл ішінде ШОБ-тың экономикадағы үлесі шамамен төрт есеге артты. Бүгінде кәсіпкерлер сауда мен қызмет көрсетумен қатар, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салаларда табысты еңбек етуде.
Шағын және орта бизнесте 4,5 млн адам еңбек етеді
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 4,5 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Ал кәсіпкерлік субъектілерінің бір жылдағы өнім шығарылымы 104,8 трлн теңгеге жетті. Бұл деректер шағын және орта бизнестің халықты жұмыспен қамтудағы шешуші рөлін көрсетеді.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 2,14 млн ШОБ субъектісі тіркеліп, оның 1,98 миллионы нақты жұмыс істеп тұр. Белсенді субъектілер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға азайған. Ұлттық статистика бюросы мұны дара кәсіпкерлердің бір бөлігінің өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа арнаулы салық режиміне көшуімен түсіндіреді.
Кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі?
Қазіргі таңда елімізде бизнесті қолдау үшін жеңілдетілген несие, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру тетіктері қолданылады. Мәселен, «Даму» қорының кепілдік беру құралы кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлерге банктен қаржы алуға мүмкіндік береді. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы шағын бизнестің өндірісін кеңейтуге және айналым қаражатын толықтыруға бағытталған.
Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі ретінде Ақтөбедегі төсек жабдықтарын шығаратын кәсіпорынды атауға болады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, кәсіпкер бағдарлама аясында 35 млн теңге несие алып, өндіріс қуатын ұлғайтқан. Соның арқасында тәулігіне тігілетін көрпе саны 30-дан 50-ге, ал жұмысшылар саны 7-ден 10 адамға дейін өсті.
35 жылдағы нәтиже
Қорыта айтқанда, Қазақстанда шағын және орта бизнес тәуелсіздік жылдарында қалыптасу кезеңінен өтіп, экономиканың негізгі тірегіне айналды. Алғашқы жылдары саланың құқықтық негізі қаланса, кейін қаржылай қолдау жүйесі жолға қойылды. Қазір бизнесті тіркеу мен мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдері толықтай цифрландырылған. Алдағы уақытта бұл сектордың дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өндірісті кеңейтуге және өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайтуға серпін бермек.