Бидай азайып, майлы дақыл көбейді: Ауыл шаруашылығы санағы нені көрсетті?
Қазақстанда соңғы 20 жылда ауыл шаруашылығы құралымдарының саны 42%-ға артып, 290 мыңға жетті. Егіс алқабы 5 млн гектарға жуық ұлғайып, мал басының басым бөлігі ұйымдасқан секторға шоғырланған. Бұл туралы 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының қорытындысында айтылды, деп хабарлайды «24KZ» Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны екі еседен астам өсті
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2006–2007 жылдардағы алдыңғы санақпен салыстырғанда ауыл шаруашылығы құралымдарының саны 204 мыңнан 290 мыңға дейін көбейген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны 9,5 мыңнан 21 мыңға жеткен. Ал шаруа және фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер саны 194 мыңнан 269 мыңға дейін артқан.
Егіс алқабы да айтарлықтай кеңейген. Бұрын 18,3 млн гектар болса, 2025 жылы 23,2 млн гектарға жетті. Сонымен қатар өсірілетін дақылдардың құрылымы өзгерген. Дәнді дақылдардың үлесі 81%-дан 69%-ға төмендесе, майлы дақылдардың үлесі 4%-дан 17%-ға дейін өскен.
Төрт түліктің басым бөлігі — ірі шаруашылықтарда
Санақ қорытындысы мал шаруашылығындағы өзгерістерді де көрсетті. 2006–2007 жылдары ауыл шаруашылығы құралымдарына шартты мал басының 20%-ы тиесілі болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 68%-ға жеткен. Ал жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесі 32%-ды құрады.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының жай-күйіне қатысты мәліметтер жарияланды. Есепке алынған өздігінен жүретін техниканың 57%-ы 10 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Ұйымдасқан секторда 707 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Санақ 2 миллионға жуық шаруашылықты қамтыды
Екінші Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының қолдауымен өтті. Зерттеу еліміздегі 290 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құралымы мен 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылықты қамтыды. Қамту деңгейі 97%-ды құрады.
Санақ барысында цифрлық технологиялар кеңінен қолданылды. Ауыл шаруашылығы құралымдарының 92%-ы және жеке қосалқы шаруашылықтардың 19%-ы онлайн форматта санақтан өткен. Қалған респонденттердің мәліметтері планшеттер арқылы жиналған.