Қытай қазақстандықтар жиі баратын елдер рейтингінде бесінші орынға шықты
Қытай қазақстандықтар жиі сапарлайтын шетелдердің бестігіне енді. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында отандастарымыз бұл елге 690,8 мың рет сапарлаған. Осы көрсеткішпен Қытай жалпы рейтингте бесінші орынға жайғасты, деп хабарлайды «24KZ» Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Ranking.kz Ұлттық статистика бюросы мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің деректеріне сүйеніп жариялаған мәліметке сәйкес, есепті кезеңде қазақстандықтардың шетелге жасаған сапарларының жалпы саны 8 млн 979 мыңға жеткен. Ең көп сапар Өзбекстанға жасалған – 2 млн 381,8 мың. Екінші орында – Ресей (2 млн 178 мың), үшінші орында – Қырғызстан (1 млн 853 мың). Ал ТМД-дан тыс елдер арасында Түркия көш бастап тұр. Бұл елге 691,1 мың сапар тіркелген. Қытай мен Түркия көрсеткіштерінің айырмашылығы небәрі 300-ге жуық сапарды құрайды. Қытайдан кейінгі танымал бағыттардың қатарында Вьетнам (283,2 мың), Мысыр (156,4 мың), Таиланд (119,2 мың), Грузия (117,2 мың) және Біріккен Араб Әмірліктері (108,7 мың) бар.
Қытайға сапарлардың жиілеуіне туристік қызығушылықпен қатар іскерлік байланыстар мен сауда қатынастары да ықпал етіп отыр. Қазақстандықтар Үрімші мен Гуанчжоуға көбіне сауда жасау үшін барса, Шанхай сияқты ірі қалаларға іскерлік кездесулерге сапарлайды. Сонымен қатар қытайлық тауарларды интернет арқылы сатып алу да кең таралған.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда байланыстары қарқынды дамып келеді. Қытай – еліміздің сыртқы сауда айналымындағы негізгі серіктесі әрі импорттық тауарларды жеткізуші ірі мемлекеттердің бірі. Тұрмыстық техника, электроника, киім-кешек пен күнделікті тұтыну тауарларына сұраныс жоғары.
Қытайлық онлайн-маркетплейстер де қазақстандық тұтынушылар арасында кеңінен қолданылады. Mastercard зерттеуінің негізінде Ranking.kz жариялаған мәліметке сәйкес, соңғы бір жылда шетелдік сауда алаңдарының ішінде Temu, Pinduoduo және AliExpress платформаларына сұраныс жоғары болған. Жас ерекшелігіне қарай тұтынушылардың таңдауы да әртүрлі. Мәселен, 25–34 жастағы респонденттердің 47%-ы, 35–44 жастағылардың 49%-ы және 45–55 жас аралығындағылардың 49%-ы соңғы бір жылда Temu платформасынан тауар сатып алған. Ал 18–24 жас тобында бұл көрсеткіш 11%-ды құраған.
Жастар арасында Pinduoduo платформасы танымал. Оны 18–24 жастағы респонденттердің 36%-ы пайдаланған. Бұл көрсеткіш 25–34 жас тобында 23%, 35–44 жаста 17%, ал 45–55 жас аралығында 11% болған. AliExpress платформасын пайдаланушылардың үлесі жас топтарына қарай 6–12% аралығында. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 29–38%-ы соңғы бір жылда шетелдік маркетплейстерден тауар сатып алмағанын көрсеткен.
Қараша айында Қытайдың сауда алаңдарында дәстүрлі «11.11» және Black Friday жеңілдіктері өтеді. Бұл кезеңде онлайн-сауда көлемі артып, тұтынушыларға түрлі тауарды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік туады. Осылайша, Қытай Қазақстан азаматтары үшін туристік бағыт қана емес, сауда-саттық пен іскерлік байланыстардың да маңызды орталығына айналып келеді. Ал онлайн-маркетплейстердің танымалдылығы екі ел арасындағы сауда қатынастарының күнделікті тұтыну деңгейінде де нығайып келе жатқанын көрсетеді.