Қазақстанда спорт инфрақұрылымы кеңейіп, инклюзивті кешендер салынады

Қазақстанда спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде жаңа спорт нысандары бой көтеріп, әсіресе ауылдық жерлердегі балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына жағдай жасалуда. Алдағы уақытта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы спорт залдары мен көпсалалы спорт кешендерін салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиев «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Спорт нысандарының құрылысы қарқын алады

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ел көлемінде 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталатыны айтылған болатын. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жобаларды нақтылау үшін өңірлерде талдау және жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мейрамғазы Сапарғалиевтің айтуынша, әр өңірге қажетті спорт инфрақұрылымының көлемі халық саны мен жергілікті сұранысқа қарай анықталады.

Соңғы жеті жылда елімізде 536 спорт нысаны салынған. Сонымен қатар жыл сайын шағын спорт инфрақұрылымдарын дамытуға көңіл бөлініп келеді.

Өткен жылы 147 спорт нысаны пайдалануға берілсе, оның 107-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл жоспарланған 121 спорт нысанының 98-і ауылдық аймақтарға тиесілі. Қазір елімізде 13 ірі спорт жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның жетеуінде құрылыс жұмыстары басталған, төртеуінің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Қалған жобалар бойынша қаржыландыру және құжаттама мәселелері пысықталуда, - деді Мейрамғазы Сапарғалиев.

Ерекше балаларға арналған спорт кешендері салынады

Спорт инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау. Спикердің сөзінше, Еуропа елдерінде мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған арнайы жабдықталған спорт нысандары кеңінен таралған. Қазақстанда да осы бағыттағы жұмыстар қолға алынған.

Бұған дейін Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Астана қаласында бірқатар спорт нысаны салынған. Алдағы уақытта тағы жеті өңірде осындай кешендерді салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта олардың құжаттарын әзірлеу жұмыстары аяқталып, құрылыс бастауға дайындық жүргізілуде.

Жаңа спорт кешендері тек бір бағытқа ғана арналмайды. Олар көпсалалы форматта салынып, инклюзивті спортпен айналысатын азаматтарға да, олимпиадалық спорт түрлерінің өкілдеріне де, кәсіби және әуесқой спортшыларға да қолжетімді болуы көзделген, - деді Мейрамғазы Сапарғалиев.

Сонымен бірге спорт нысандарын халықаралық стандарттарға сай жабдықтау мәселесіне де басымдық берілмек.

Ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымы қалай дамиды?

Спорт нысандарын салу кезінде ауылдық жерлердің қажеттілігі де ескеріледі. Алайда әр елді мекенге бірдей ірі спорт кешенін салу экономикалық тұрғыдан тиімді бола бермейді.
Мейрамғазы Сапарғалиевтің түсіндіруінше, құрылыс жүргізу туралы шешім қабылдағанда ауыл тұрғындарының саны, бір адамға шаққандағы қажетті спорт алаңының көлемі және нысанның болашақтағы тиімділігі есепке алынады.

Сондықтан халқы аз ауылдарда алдымен жедел тұрғызылатын ашық спорт алаңдарына және жеңіл конструкциялы спорт кешендеріне басымдық беріледі. Ал тұрғындары көп шоғырланған орталықтарда ірі спорт нысандарының құрылысы қарастырылады , - деді Мейрамғазы Сапарғалиев.

Мұндай тәсіл спорт инфрақұрылымын тиімді орналастырып, қолда бар мүмкіндіктерді жергілікті қажеттілікке сай пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұқаралық спортты дамытуға жаңа серпін

Кәсіби спортпен қатар бұқаралық спортты дамыту да маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Бұл ретте спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету негізгі фактор саналады.

Қалаларда саябақтар мен ашық алаңдарда жаттығу жасауға мүмкіндік беретін клубтар мен сауықтыру орталықтары көбейіп келеді. Ал ауылдық жерлерде футбол, волейбол, баскетбол алаңдары арқылы балалар мен жастарды спортқа тарту жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы жылдары марафондық жүгіру де кеңінен танымал бола бастады. Бұған дейін мұндай іс-шаралар негізінен Астана мен Алматы қалаларында ұйымдастырылса, қазір оған өзге облыс орталықтары да қосылып жатыр.

Сонымен қатар ауыл балаларының спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында «Ауыл спорт» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында бірқатар елді мекенде балалар мен жасөспірімдер арасында түрлі спорттық турнирлер ұйымдастырылып келеді, - деді Мейрамғазы Сапарғалиев.

Бұл бастамалардың мақсаты – жас ұрпақты электрондық құрылғыларға тәуелділіктен арылтып, белсенді өмір салтына баулу және спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру.

Сондай-ақ оқыңыз: