Қазақстанда өндіріс көлемі 10 айда 9,3%-ға өсті

ҚР Үкіметі

Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауындағы отандық өндірісті дамыту тапсырмасы аясында 2026 жылы елімізде жалпы инвестициясы 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа кәсіпорын іске қосылады, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады.

Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Салаға серпін беретін маңызды бағыттардың бірі – жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу, - деді министр.

Министрдің айтуынша, барлық жобаларды жүзеге асыру 17 мыңнан астам, оның ішінде ауылдық жерлерде 5,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобалар толық қуатына шыққанда жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады.

Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталуға жақындап, іске қосуға дайындалуда. Айта кету керек, бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандаждары, доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар, - деді министр.

Мемлекеттік қолдауды нақты өндіріске бағыттауда Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі маңызды рөл атқарады. Бүгінде тізілімде 50 мыңнан астам өтінім қаралып, 2,6 мыңға жуық отандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелді. Тізілімнің негізгі сатып алу алаңдарымен интеграциясы нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың сатып алуда отандық өнімге басымдық берілді.

Сондай-ақ оқыңыз: