Ұлттық банк 10 млрд теңгенің токенделген ноталарын орналастырды

фото: ЖИ

Қазақстанда бағалы қағаздарды токен түрінде шығару тәжірибесі басталды. 9 қарашада Ұлттық банк қор нарығында алғаш рет 10 млрд теңгенің қысқа мерзімді ноталарын цифрлық форматта орналастырды. Бұл технология алдағы уақытта компанияларға капитал тартудың жаңа жолын ашып, инвесторлардың бағалы қағаздарға қол жеткізуін жеңілдетуі мүмкін. Бұл туралы 24KZ телеарнасының «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтылды.

Ұлттық банктің аукционы Қазақстан қор биржасының цифрлық қаржы активтері платформасында өтті. Ноталар дәстүрлі және токенделген екі форматта ұсынылды. Жалпы орналастыру көлемі – 50 млрд теңге. Оның 10 млрд теңгесі цифрлық форматқа тиесілі. Бағалы қағаздардың айналым мерзімі – 91 күн, орташа кірістілігі жылдық 15,72%. Аукционға түскен сұраныс 70,2 млрд теңгеге жетіп, ұсынылған көлемнен 1,4 есе асты.

Токенизацияның дәстүрлі электронды бағалы қағаздардан айырмашылығы неде? Қаржыгер Венера Жаналина бұл технология бағалы қағаз бен ақшаны бір мезгілде айырбастауға мүмкіндік беретінін айтады.

Токенизацияның басты артықшылығы – бағалы қағаз бен ақшаны бір уақытта айырбастауға мүмкіндік беруі. Бұл технологияны болашақта корпоративтік облигациялар нарығында да қолдануға болады. Қазір компания облигация шығарып, оны инвесторға сату үшін бірнеше кезеңнен өтуі керек. Әр қатысушының өз жүйесі бар, сондықтан біраз уақыт кетеді. Ал токенизация кезінде барлық қатысушы бір цифрлық жүйеде жұмыс істей алады. Бұл облигацияны сату және сатып алу процесін жеңілдетеді. Нәтижесінде инвесторлардың компаниялар шығарған облигацияларға қол жеткізуі оңайлауы мүмкін, – деді қаржыгер Венера Жаналина.

Қазақстан қор биржасы да цифрлық қаржы активтерін капитал нарығын дамытудың жаңа кезеңі ретінде қарастырады. KASE басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, жаңа цифрлық архитектура жеке нарық қалыптастыруды емес, қолданыстағы капитал нарығының мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.

KASE үшін жаңа цифрлық архитектура – жеке бір нарық құру емес, бұл капитал нарығын дамытудың келесі кезеңі. Ең бастысы – бизнеске қаржы тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, эмитенттердің әлеуетін кеңейту. Бұл бағыт Қазақстанда қалыптасқан, тұрақты дамып келе жатқан капитал нарығының инфрақұрылымына негізделеді, – деді Әділ Мұхамеджанов.

Бұл бағытқа әлемдік нарықта да қызығушылық артып келеді. Binance Research дерегінше, 2026 жылғы қыркүйектің соңында токенделген акциялардың капитализациясы 3 млрд доллардан асқан. Ал нақты активтерге негізделген токенделген құралдардың жалпы көлемі 38 млрд долларға жеткен.

Қазақстанда да осындай жобалар қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, «Алатау Сити» аумағындағы құны 50 млн долларға дейінгі iKonic Tower ғимараты мен 10 млн долларға дейін бағаланған «Бірлік» логистикалық орталығын токенизациялау жоспарланған.

Дегенмен, цифрлық активтерге инвестиция салмас бұрын оның заңдық мәртебесін, табыстың қалай бөлінетінін және токенді кейін қайта сату мүмкіндігін анықтап алу маңызды. Мамандардың айтуынша, жаңа технологияның тиімділігі тек оны енгізумен шектелмейді. Нарыққа қатысушылардың сенімі, құқықтық қорғаныс және нақты сұраныс та шешуші рөл атқарады.

Сондай-ақ оқыңыз: