«Арманнан іске»: кәсіпкерлерге 200 млн теңге несиені қалай алуға болады

«Арманнан іске»: елімізде кәсіп бастауға ниетті азаматтарға арналған жаңа бағдарлама пилоттық режимде іске қосылды. Бұл бастама бизнесін жаңадан бастағысы келетін азаматтарға арналған. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ департамент директоры Гүлден Зәкірбекова «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Оның пікірінше, бағдарлама кәсіпкерлік тәжірибесі жоқ азаматтарға өз идеясын нақты бизнес-жобаға айналдыруға көмектеседі.

Мемлекеттік бағдарламалар көп. Қаржылай қолдау бағдарламалары да, қаржылай емес бағдарламалар да бар. Солардың ішінде қаржылай және қаржылай емес қолдауды біріктіретін «Арманнан іске» бағдарламасын атап өткім келеді. Ол жаңа кәсіп ашып жатқан, бизнесте тәжірибесі жоқ кәсіпкерлерге арналған, – дейді Гүлден Зәкірбекова.

Бағдарламаға қатысу үшін бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда, үміткердің жасы 30 бен 55 аралығында болуы, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкі болуы және кредиттік тарихы талапқа сай келуі қажет. Сонымен қатар, кәсіпкер жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражаттың 15 пайызын өз қаражатынан салуы тиіс.

Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен үміткер өтінім беріп, тестілеуден өтеді. Одан кейін үш минуттық питчинг арқылы бизнес-идеясын таныстырады. Іріктеуден өткен қатысушылар акселерациялық оқытуға жіберіліп, оларға бизнес-тәлімгер бекітіледі. Мамандардың көмегімен кәсіпкерлер өз идеяларын жан-жақты пысықтап, нақты бизнес-жоспар әзірлейді.

Оқытудың соңғы кезеңінде қатысушылар демо-күнде жобаларын мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары мен табысты кәсіпкерлер алдында қорғайды.

Кәсіпкерлердің бизнес-идеясы қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуы үшін біз арнайы оқыту ұйымдастырамыз. Оларға бизнес-тәлімгерлер бекітіледі. Қатысушылар тәлімгерлермен бірге жобаларын дамытып, демо-күнде атқарған жұмыстарын таныстырады. Жобасын сәтті қорғаған азаматқа сертификат беріледі. Осы сертификат арқылы банкке барып, қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады, – дейді спикер.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – кәсіпкерлерге несие алуға қолайлы жағдай жасау. Сертификат иегерлері қордың серіктес банктері арқылы жылдық 12,6 пайызбен жеңілдетілген несие рәсімдей алады. Сонымен қатар, «Даму» қоры несие сомасының 90 пайызына дейін кепілдік береді. Қаржыландырудың ең жоғары мөлшері – 200 миллион теңге.

Бағдарлама биыл пилоттық режимде төрт өңірде жүзеге асырылған. Олар – Алматы қаласы, Алматы облысы, Астана және Шымкент. Пилоттық жоба аясында барлығы 96 үміткер қатысқан.
Астанада алғашқы демо-күн 5 қарашада өтіп, 14 жобаның 12-сі сертификат иеленген. Ал 12 қарашада Алматыда өткен екінші кезеңде 15 жобаның 10-ы қолдау тапқан. Қор өкілдерінің мәліметінше, келесі кезең Шымкент қаласында өткізу жоспарланған.

Гүлден Зәкірбекова пилоттық жобаның нәтижесі оң бағаланса, бағдарламаны еліміздің барлық өңіріне тарату көзделіп отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ демо-күндерде ұсынылған жобалардың басым бөлігі отандық өнім өндіру мен қызмет көрсету салаларын қамтыған. Олардың қатарында көлік, IT, қойма және өндіріс бағытындағы бастамалар бар.

Алматыда таныстырылған жобалардың бірі – әйелдерге арналған қауіпсіз әрі жайлы қонақүй ашу бастамасы. Тағы бір жоба ет-сүйек сорпасын концентрат түрінде өндіруге бағытталған. Бұл өнімді суға қосып, мейрамханаларда немесе үй жағдайында пайдалануға болады.

Жобалардың барлығы өте қызықты болды. Соның ішінде ет өндірісінде 15 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкердің бастамасын атап өтуге болады. Ол ет-сүйек сорпасын концентрат түрінде шығаратын өндіріс орнын ашуды жоспарлап отыр. Әдетте сорпа дайындауға 18–24 сағат уақыт кетеді. Ал концентратты суға қосып, мейрамханаларда да, үй жағдайында да пайдалануға болады, – дейді Гүлден Зәкірбекова.

Осылайша, «Арманнан іске» бағдарламасы кәсіп ашуға ниетті азаматтарға тек қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, бизнес жүргізудің қыр-сырын үйренуге, тәжірибелі мамандардан тәлім алуға және өз жобасын жүзеге асыруға жол ашады. Ал пилоттық жобаның нәтижесіне қарай бұл бастаманы еліміздің өзге өңірлерінде де іске асыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: