2027 жылғы бюджет шығыстары Президент тапсырмаларын ескере отырып қайта қаралды

Фото: depositphotos.com

Құрылтай «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды «24KZ». 

Құжаттың алғашқы оқылымы 2026 жылғы 14 қазанда өткен болатын.

Бюджетті қалыптастыру кезінде әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және адами капиталды дамытуға басымдық берілген. Жоспар бойынша барлық бюджет қаражатының үштен бірінен астамы осы мақсаттарға бағытталады. Сонымен қатар өңірлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономиканың нақты секторын қолдауға қомақты қаржы қарастырылған.

Құжатты талқылау барысында депутаттар 2027 жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған бірқатар түзетуді қолдады.

Атап айтқанда, 114,1 млрд теңге Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында жарияланған бастамаларды жүзеге асыруға бөлінеді. Оның ішінде ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің жалақысын арттыру және орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу бар.

Бұдан бөлек, 101,5 млрд теңге Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындауға бағытталады. Қаражаттың бір бөлігі Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін су құбырын тартуға және «Балқаш» атом электр станциясы жобасы бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге жұмсалады.

Сонымен қатар республикалық бюджеттің тиімділігін арттыру және қаражаттың сапалы игерілуін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар арасында 135,5 млрд теңге қайта бөлінді.

Жалпы, қабылданған үш жылдық бюджет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, инфрақұрылымды дамытуға және экономикалық өсімді қолдауға бағытталған. Сондай-ақ бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен азайту және елдің қаржылық тұрақтылығын нығайту көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз: