Қазақстан банктері цифрлық қызметін шетелге экспорттай ала ма?
Қазақстандық банктер цифрлық қызмет көрсету жағынан халықаралық нарықта бәсекеге түсе алады. Алайда отандық қаржы ұйымдары әзірге бұл әлеуетін шетелде толық пайдаланып отырған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, мобильді банкинг пен қаржылық технологиялар Қазақстанның экспортқа ұсына алатын артықшылықтарының бірі. Бірақ басқа елдердің нарығына шығу үшін технологиямен қатар капитал, жергілікті заңнаманы білу және клиенттердің сеніміне ие болу маңызды. Бұл туралы сарапшы Андрей Черботарев 24KZ телеарнасының «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтты.
Қазақстанда банк қызметтерінің басым бөлігі смартфон арқылы қолжетімді. Депозит ашу, ақша аудару немесе несие рәсімдеу үшін бөлімшеге барудың қажеті жоқ. Ал кейбір елдерде мұндай операцияларға бірнеше күн, тіпті апта кетуі мүмкін. Сарапшы отандық банктердің осы тәжірибесін шетелдік нарыққа ұсынуға болатынын айтады.
Банк секторы – Қазақстан экспорттай алатын, бірақ әзірге жеткілікті бағаланбай жүрген салалардың бірі. Біз бұл бағытта шынымен мықтымыз. Мысалы, Еуропаның кейбір елдерінде депозит ашу бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Ал біз үшін бұл бірнеше минуттық жұмыс. Мұндай қызметке үйреніп кеткендіктен, оның қаншалықты ыңғайлы екенін бағалай бермейміз. Бірақ әлемнің көп бөлігінде жағдай әлі де басқаша, – деді Андрей Черботарев.
Дегенмен банк жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі тек цифрлық қызметтің жылдамдығымен өлшенбейді. Қаржы ұйымдарының тұрақтылығы, несие портфелінің сапасы және тәуекелдерді басқару қабілеті де маңызды. Қазақстанда осы бағытта активтердің сапасын бағалау (AQR) тетігі қолданылады.
2025 жылғы бағалау 11 ірі банкті қамтыды. Олардың активтері елдің банк жүйесіндегі жалпы активтердің 86 пайызына тең. Тексеру кезінде ірі қарыз алушылардың қаржылық жағдайы, несие портфелі мен кепілге қойылған мүліктің құны сараланады. Бұл банктердің ықтимал шығынын алдын ала анықтап, қаржы жүйесіндегі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Банк қарыз алушыға жерді кепілге алып несие берді делік. Құжатта жердің құны жоғары көрсетілгенімен, шын мәнінде ол әлдеқайда арзан болуы мүмкін. Қарыз қайтарылмаса, кепілді сатудан түскен қаражат банктің шығынын жабуға жетпеуі ықтимал. Мұндай жағдайда салымшылар да зардап шегеді. AQR осы тәуекелдерді алдын ала анықтауға көмектеседі. Біз банктердің осал тұстарын азайту үшін осындай бақылау тетіктерін қалыптастырдық, – деді сарапшы.
Отандық банктердің шетел нарығына шығуына мүмкіндік бар болғанымен, бір елде тиімді жұмыс істеген цифрлық модельді басқа мемлекетке сол күйінде көшіру оңай емес. Әр нарықтың заңнамасы, төлем жүйесі, тұтынушылардың қаржылық әдеті мен бәсекелестік ортасы әртүрлі. Сондықтан халықаралық деңгейде орнығу үшін банктер жергілікті талаптарға бейімделіп, сенімді серіктестер табуы қажет.
Қазақстанның өз банк нарығында да өзгерістер бар. 2026 жылғы 16 қаңтарда «Жаңа банктер және банк қызметі туралы» заң қабылданып, базалық және әмбебап банк лицензиялары енгізілді. Бұл нарыққа әртүрлі бизнес-модельдердің келуіне жол ашуға бағытталған.
Меніңше, қазақстандық банктер қаржылық қызметтерді шетелге экспорттау жағынан әлі де кешеуілдеп отыр. Отандық банктерді басқа елдердің нарықтарынан көргім келеді. Өйткені олардың әлемге ұсынары да, үйретері де бар, – деді Андрей Черботарев.
2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Оның 10-ы – шетелдік банктердің еншілес ұйымдары. Елдегі банк секторының жалпы активі 76,8 триллион теңгеге жеткен.
Сарапшының пікірінше, бұл әлеуетті халықаралық нарықта пайдалану үшін отандық банктер технологиялық артықшылықтарын ғана емес, тұрақтылық пен тәуекелдерді басқару тәжірибесін де ұсына білуі керек.