Елдегі инвестициялық ахуал қалай?

Елде бұрын-соңды өндірілмеген жаңа өнімдер шығарылып жатыр. Бұл ауқымды инвестициялық жобалардың жемісі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі биылға жалпы көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жоба жоспарлаған.

Соның 125 пайдалануға берілді. Қалғаны жыл аяғына дейін іске қосылады. Нәтижесінде жыл сайын 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріледі, соның 500 млрд-ы экспортқа шығарылады.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Кейінгі жылдары шикі мұнай мен табиғи газ өндірісіне тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай азайып келеді. Мәселен, 2022 жылы 9,6 млрд доллар болса, 2025 жылы 616 млн долларға дейін төмендеген. Бұған ірі кен орындарын кеңейту, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру ықпал етті. Енді шетелдік инвесторлар біздегі қайта өңдеу саласына бет бұрып жатыр. Бұдан бөлек, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі өсті. Бұл да инвестициялық тартымдылықты еселеді.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Экономикамыздың сыртқы инвесторлар алдындағы тұрақтылығын көрсететін дүние. Өйткені шетел инвесторлар болмасын, отандық инвесторлар болмасын, бірінші кезекте халықтың төлем қабілеттілігінің артуы, олардың экономикадағы белсенділігінің артуы – бұл сырттан келетін инвесторлар үшін өте тиімді жағдай. Және де ең бастысы, тағы да бұл біздің мына халықаралық дәрежедегі рейтинг көрсеткіштерімізге жақсы әсерін тигізеді.

Тікелей инвестиция әсіресе химия саласына көптеп келе бастады. Көлік, байланыс және қаржы секторы да назарда. Инвесторлар Нидерланд, Ресей, Қытай, АҚШ, Швейцария және Франциядан ғана емес, Таяу Шығыс және Азия елдерінен де қызығушылық танытып жатыр. Ең бастысы, дайын өнім өндіру мақсатымыз орындалып келеді. Қазір Қазақстанда жасалған сапалы тауарлар сыртқы нарықта сұранысқа ие. Отандық өнімді әрине өзіміз де қуана тұтынамыз.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Біздің экономикадағы әртараптандыруға қарай бағытталған жұмыстардың белсенділігін көрсетуге болады. Неге? Өйткені біздің әлі де экономикадағы мұнай мен газға деген тәуелділіктің болуы, бірақ соңғы уақыттардағы соған орын баса алатындай қызмет көрсету саласының жаңа жұмыс орындарын ашуы, мынау біздің сыртқы импорттық тауарларға бәсеке бола алатындай сектордың дамуы – яғни бұл да жағымды фактор деп айтуға болады.

Инвестиция тарту өз алдына, кейін сол инвесторларды басқа жобаларға да қаржы салуға ынталандыру маңызды. Бұл үшін тиісті қолдау қажет. Мемлекет арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға басымдық береді. Цифрлық инвестиция сервистері енгізіліп жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі реттелуде. Нәтижесіз емес. Астанада 2 арнайы экономикалық аймақ бар. Оның жалпы инвестициялық портфелі – 145 өнеркәсіптік жоба. Ал құны – 349 миллиард теңге. Қазірдің өзінде 103 нысан іске қосылып, 12 трлн теңгенің өнімін шығарып отыр.

Алмат Әлімбай, Astana Invest қалалық инвестицияны дамыту орталығының департамент директоры:

- Қазіргі таңда 42 жобамыз бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп келеді. Яғни жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл жерде 1600 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. №1 индустриалдық парк аумағында орналасқан жобалардың басым бөлігі экспортқа өндірілген тауарларын шығарады. Жалпы 206 миллиард теңгеге осы күнге дейін экспортқа шығарған.

Қазір жаһанда инвесторларға талас жүріп жатыр. Орталық және Солтүстік Азияда ірі инвесторлар Қазақстанды таңдайды. Былтыр жаңа жобаларға 19 млрд доллар көлемінде қаржы құйылды. Бұл – аталған аумаққа салынған инвестицияның 89 пайызы. Осының нәтижесі халықаралық беделімізді де арттырды. Сосын жемісті инвестициялық жобалар қомақты салық түсіміне де себеп.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы

Сондай-ақ оқыңыз: