Бельгияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілді

Ұлық мерекеге арналған салтанатты қабылдау, сан ғасырлық тарихы бар ратушада тұңғыш рет ұйымдастырылды. Салтанатқа Еуроодақ институттары мен Бельгия үкіметінің өкілдері, шетелдік дипломаттар, сарапшылар және қазақ диаспорасының мүшелері келді.

Олар Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Брюссельге, ал бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Астана және Алматы қалаларына жасаған мемлекеттік сапарына тоқталды. «Бұл екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары екенін көрсетеді», - деді қатысушылар. Еуродақ өкілдері сондай-ақ елдегі тың өзгерістерді жоғары бағалап, аса маңызды шикізат материалдары, жасанды интеллект және Орта дәлізді дамыту бойынша ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екендігін айтты. Ресми бөлімнен соң кешке жиналғандар Астана опера және «Шымкент концерт» музыканттарының өнерін тамашалады.

Питер Клас, бельгиялықтар Королі Филиптің дипломатиялық кеңесшісі:

- Бельгиялықтар Королінің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында екі елдің компаниялары мен университеттері арасында 40-қа жуық келісім жасалды. Мұның бәрі Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Бельгияның Монс қаласында да Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы атап өтілді. Әулие Вальтруда шіркеуінде мерейтойға арналған «Шаңырақ Фест» концерті өтті. Шараны Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі, Монс университетінің музейі және Шымкент қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған. Концертке 400-ге жуық қонақ жиналды. Олардың қатарында Монс университетінің басшылығы, ғылым және мәдениет саласының өкілдері, студенттер, жергілікті тұрғындар мен қазақ диаспорасының мүшелері бар. Готи-калық сәулетімен ерекшеленетін тарихи шіркеуде «Шымкент концерт» әртістері қазақтың ұлттық-аспаптық шығармаларын орындап, халық билерін биледі.

Лоран Лефевр, Монс университетінің ректоры:

- Қазақстанның өз мәдениетін әлемге таныстырудағы күш- жігерін, қарқынды дамуын, қалаларының өзгеруін, халқының қонақжайлылығын көріп, табысты даму үлгісінің куәсі болдым. Және Монс университетінің Қазақстанның сенімді серіктестерінің қатарында болғанын мақтан тұтам.  

Сондай-ақ оқыңыз: