Дипфейк жасағандар мен таратқандар жауапқа тартылуы мүмкін
Құрылтай депутаттары адамның бейнесі мен дауысын оның келісімінсіз пайдаланып, дипфейк материалдар жасаған және таратқан адамдарды анықтау, сондай-ақ оларды жауапкершілікке тарту тетіктерін күшейтуді ұсынды. Бұған қоса, заңсыз контентті жедел анықтап, интернетте таралуына тосқауыл қою үшін мемлекеттік органдар мен онлайн-платформалардың, соның ішінде шетелдік сервистердің өзара жұмысын үйлестіру қажет екенін айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Депутаттардың айтуынша, жасанды интеллект арқылы адамның бұрын айтпаған сөзін сөйлетіп, жасамаған әрекетін жасатқандай етіп көрсету қазір күрделі техникалық дағдыларды қажет етпейді. Ашық қолжетімді фотосурет немесе дауыс жазбасы арқылы жалған аудио, бейне және сурет жасауға болады. Мұндай материалдар адамның беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, жеке өміріне де зиян келтіруі мүмкін.
Жасанды интеллектінің заманауи технологиялары адамның бұрын-соңды айтпаған сөздерін сөйлетіп, жасамаған әрекеттерін жасатып, ешқашан болмаған жерде жүргендей етіп көрсететін фото, бейне және аудиоматериалдар жасауға мүмкіндік береді. Бұл үшін жоғары кәсіби дағдылар мен арнайы құралдардың болуы міндетті емес. Ашық қолжетімді фотосурет немесе дауыс жазбасы жеткілікті, – деді «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Гүлісхан Нахбаева.
Әсіресе адамның келісімінсіз интимдік сипаттағы жалған бейнелерді жасау ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Депутаттың пікірінше, мұндай материалдар толығымен жасанды болған күннің өзінде адамның беделіне нақты зиян келтіруі мүмкін. Бұл ретте әйелдер мен кәмелетке толмағандар аса осал топқа жатады.
Адамның келісімінсіз интимдік сипаттағы бейнелер мен бейнежазбаларды жасау ерекше қауіп төндіреді. Тіпті толығымен жасанды материалдың өзі адамның беделіне нақты зиян келтіруі мүмкін. Бұл ретте әйелдер мен кәмелетке толмағандар аса осал топқа жатады, – деді Гүлісхан Нахбаева.
Депутат цифрлық ортада құқығы бұзылған азаматтар қандай мекемеге жүгіну керектігін, заңсыз материалды қалай жоюға болатынын және кінәлілерді жауапқа тарту жолдарын нақты білуі қажет екенін атап өтті. Өйткені интернетте ақпарат өте жылдам тарайды. Сондықтан құқық бұзушылыққа қарсы шаралар да уақыт оздырмай қабылдануы тиіс.
Осыған байланысты Құрылтай депутаттары төрт бағыт бойынша ұсыныс білдірді. Біріншіден, адамның бейнесі, дауысы мен цифрлық келбетін заңсыз пайдалану жағдайларында заңнаманы бірізді қолдануды қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, құқыққа қайшы контентті анықтау және оның таралуын тоқтату үшін онлайн-платформалармен, соның ішінде шетелдік сервистермен байланысты күшейту ұсынылды.
Үшіншіден, цифрлық сараптама әдістерін дамытып, заңсыз материалдарды жасаушылар мен таратушыларды анықтау, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру қажет. Төртіншіден, осы бағытта түскен өтініштерге талдау жүргізіп, анықталған мәселелерді шешуге арналған нақты шаралар қабылдау ұсынылды.
Құқық қолдану тәжірибесіне келіп түскен өтініштердің саны мен мазмұнына талдау жүргізу қажет. Оның нәтижелері бойынша анықталған проблемаларды жоюға бағытталған, жауапты мемлекеттік органдар мен орындау мерзімдері нақты көрсетілген шараларды айқындауды сұраймыз, – деді депутат.
Сонымен қатар Құрылтай депутаттары адамның жеке басын қорғау мен сөз бостандығы, журналистік, ғылыми және шығармашылық қызмет арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап өтті. Олардың пікірінше, адамның жария мәртебесі оның атынан жалған мәлімдемелер мен әрекеттерді шынайы оқиға ретінде таратуға негіз болмауы тиіс.