Қазақстанда отандық құс өнімінің ішкі нарықтағы үлесі 78%-ға жетті

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы минитсрлігі

Соңғы бес жылда Қазақстанда құс шаруашылығы қарқынды дамып, отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесі 58%-дан 78%-ға дейін өсті. Қазір елімізде 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Алдағы уақытта жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу арқылы өндіріс көлемін арттырып, импортқа тәуелділікті азайту жоспарланып отыр. Бұл турады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Қазіргі таңда 70 кәсіпорынның 37-сі жұмыртқа, 33-і құс еті өндірісіне маманданған. Жұмыртқа өндіретін фабрикалардың жылдық қуаты 4,5 млрд данаға жетеді. Бұл бағытта Қазақстан ішкі нарықтың қажеттілігін отандық өнім есебінен толық қамтамасыз етіп отыр. Ал ет бағытындағы кәсіпорындардың жылдық өндірістік қуаттылығы – 510 мың тонна.

Саланы одан әрі дамыту үшін жылына 200 мың тоннадан астам өнім өндіруге мүмкіндік беретін жаңа қуаттарды іске қосу көзделген. Соның ішінде «Aitas» пен «Алель Агро» компанияларының жобалары 170 мың тонна қосымша өндірістік қуат қалыптастырмақ. Бұл ішкі нарықтағы отандық құс етінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстандық өндірушілер экспорт көлемін де ұлғайтып келеді. Былтыр шетелге 32 мың тонна құс еті жеткізілсе, биыл алғашқы тоғыз айда бұл көрсеткіш 14,2 мың тоннаны құрады. Отандық өнім ЕАЭО елдеріне, Әзербайжанға, Моңғолияға және Катарға экспортталады. Ендігі мақсат – Қытай нарығына шығу. Қазір қазақстандық кәсіпорындарды Қытайдың экспорттаушылар тізіліміне енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Құс етін жеткізуге қатысты хаттамаға қол қойылған.

Құс шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау тетіктері де қарастырылған. Кәсіпорындарға жылдық 2,5% мөлшерлемемен, 10 жылға дейінгі мерзімге инвестициялық несие беріледі. Сонымен қатар айналым қаражатын толықтыруға арналған жылдық 5% мөлшерлемемен қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында 17 құс фабрикасына жалпы сомасы 27,2 млрд теңге бөлінген.

Биыл ет бағытындағы құс шаруашылығын қолдауға 28 млрд теңге субсидия қарастырылған. Оның 1 млрд теңгесі тәуліктік балапандар мен асыл тұқымды жұмыртқа сатып алу шығындарын арзандатуға бағытталған. Бұдан бөлек, кәсіпорындарды жемшөп шикізатымен тұрақты қамтамасыз ету үшін 201 мың тонна жемдік астықтың резервтік қоры жасақталған.

Саланы дамытудың тағы бір маңызды бағыты – отандық асыл тұқымды базаны қалыптастыру. Осы мақсатта бірінші және екінші деңгейлі репродукторларды салуға арналған инвестициялық субсидиялау нормативтері жаңартылды. Бұл өндірістің барлық кезеңін ел ішінде ұйымдастырып, сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Осылайша, құс шаруашылығында өндіріс көлемін арттырумен қатар, отандық асыл тұқымды базаны дамытуға, жемшөппен қамтамасыз етуге және экспорттық нарықтарды кеңейтуге басымдық беріліп отыр. Негізгі мақсат – ішкі сұранысты қазақстандық өніммен қамту деңгейін одан әрі көтеру.

Сондай-ақ оқыңыз: