Депутаттар off-take келісімшарттарын жетілдіруді ұсынып отыр

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында off-take келісімшарттарының тиімділігін арттыру мәселесі талқыланып жатыр. Депутаттар бұл тетікті жетілдіріп, кәсіпорындардың ұзақ мерзімді тапсырыстар негізінде жұмыс істеуіне және банктерден қаржы алуына мүмкіндік беруді ұсынады. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алудағы ашықтықты қамтамасыз етіп, отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін бақылау қажеттігін көтеріп отыр. Құрылтай депутаты Нұргүл Таудың айтуынша, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге түрлі бағдарламалар мен жеңілдіктер ұсынылғанымен, олардың нақты нәтижесін бағалау тетіктері әлі де жеткіліксіз.

Off-take келісімшарты – өндіруші мен сатып алушы арасындағы ұзақ мерзімді келісім. Мұндай құжат кәсіпорынға болашақта өнімін кімге және қандай көлемде өткізетінін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Алайда депутаттың сөзінше, келісімшарттардың әлеуетін толық пайдалануға қаржыландыру мәселесі кедергі келтіріп отыр.

Ең басты мәселенің бірі – сенімділік. Кәсіпорын off-take келісімшартқа қол қойғанымен, өндірісті кеңейтуге немесе қажетті жабдық алуға қаржы керек болғанда, банктер бұл құжатты тиісті кепілдік негізі ретінде қабылдай бермейді. Ал әлемдік тәжірибеде мұндай келісімшарттар қаржыландыруға мүмкіндік беретін маңызды құжат саналады, – дейді Нұргүл Тау.

Депутат бұл бағытта банктермен қатар «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингінің де қолдауы маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұзақ мерзімді келісімшарттарды қаржы ұйымдары мойындайтын тетік қалыптастыру қажет.

Тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығы. Депутат кейбір тендерлерде талаптардың белгілі бір компанияның мүмкіндігіне қарай бейімделуі ықтимал екенін айтады. Сондықтан барлық кәсіпорынға бірдей талап қойылып, конкурсқа қатысты ақпарат ашық жариялануы керек.

Қойылатын талаптар бір компанияға ғана арналып жасалмауы тиіс. Барлық кәсіпорынға мүмкіндік бірдей болуы керек. Қайсысы сапалы өнім шығарады, қайсысы жаңа технологияны меңгерген және келісімшарт талаптарын орындай алады – соларға ашық бәсекелестік жағдайында жол берілуі қажет, – дейді депутат.

Сонымен қатар отандық өндірісті қолдауға бөлінген қаражаттың нәтижесін нақты көрсеткіштер арқылы бағалау қажеттігі айтылды. Мәселен, мемлекеттік қолдаудың арқасында қанша жаңа жұмыс орны ашылды, импорт көлемі қаншалықты қысқарды, өндіріс көлемі мен өнім сапасы қалай өзгерді деген сұрақтарға нақты жауап болуы керек.

 Нұргүл Таудың пікірінше, мұндай көрсеткіштер тұрақты түрде жарияланып, қолдау шараларының тиімділігі бірнеше жылдық кезең бойынша бағалануы қажет.

Отандық өнімнің өзіндік үлесін анықтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Депутат кейбір кәсіпкерлердің шетелден әкелінген тауарға «Қазақстанда жасалған» деген белгі жапсырып, отандық өнім ретінде сататынын атап өтті. Бұл ретте нақты өндірушілерді анықтап, олардың тізілімін қалыптастыру және өндіріс процесіне бақылауды күшейту маңызды.

Біз өндіруге болатын тауарларды неге өз елімізде өндірмеске? Шетелден дайын өнім әкеліп, оған қазақстандық жапсырма жапсыру отандық өндірісті дамыту деген сөз емес. Тауарды кәсіпорынның өзі шығара ма, әлде дайын күйінде әкеліп отыр ма – осының бәрі бақылауда болуы керек, – деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдерінің отандық тауар өндірушілер тізіліміне енуіне қатысты мәселелер де көтерілді. Депутаттың айтуынша, өз өнімін шығарып отырған шағын кәсіпорындарға да нарыққа шығуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берілуі тиіс.

Жалпы, депутат көтерген ұсыныстар off-take келісімшарттарын қаржыландыру тетігін жетілдіруге, мемлекеттік сатып алуда әділ бәсекелестік орнатуға және отандық өнімнің нарықтағы үлесін арттыруға бағытталған. Негізгі міндет – кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың нақты экономикалық нәтижесін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ оқыңыз: