Олжас Бектенов Aitu ұлттық цифрлық экожүйесінің дамуын жеделдетуді тапсырды

ЖИ

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Aitu ұлттық мессенджерін дамытуға, оның функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтуге және платформаны мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысына енгізуге ерекше назар аударды, деп хабарлайды «24KZ».

Олжас Бектенов бұл жұмысты жандандыру және толыққанды цифрлық модельге көшуді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Aitu - жай мессенджер емес. Біз ұлттық экожүйе құруымыз керек, белсендірек жұмыс жасаңыздар. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер күн сайын Aitu мессенджерін пайдалануы тиіс, қызметтік ақпарат тек осы ұлттық мессенджер арқылы өтуі тиіс, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қазір Aitu-ға 7 миллионға жуық адам тіркелгенін, күніне сервисті 350 мыңға дейін адам пайдаланатынын, Aitu-ды қолданғанда мобильді интернет үшін ақы алынбайтынын баяндады.

Сонымен қатар қазір Aitu платформасында eGov ChatGPT қызметі қолжетімді. Сол арқылы 55 мемлекеттік қызметті тікелей Aitu-дан алуға болады. Осы жылдың соңына дейін eGov-тағы сұраныстың 75-80 пайызын Aitu-ға қосу жоспарланып отыр.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» компаниялары өз қызметінде Aitu-Workspace қызметін пайдалануда.

Сондай-ақ оқыңыз: