Қазақтелеком 2027 жылға қарай 120 мың үй шаруашылығын спутниктік интернетпен қамтиды
2027 жылға қарай спутниктік интернет 120 мыңнан астам қазақстандық үй шаруашылығын қамтиды. Қазір оптика үлесі 64 пайызға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық келісім бойынша желілер тіпті рентабельді емес аудандарда да өткізіледі.
Жоспар қазір 39 пайызға орындалды. 797 мектеп пен 303 фельдшерлік-акушерлік пунктті қоса алғанда, 1 183 ауыл және 1 683 мемлекеттік мекеме қосылды. 16 444 шақырым магистральдық оптика тартылды, - деді Бағдат Мусин.
Мыс кабельдерден бас тарту жалғасуда. Қазіргі заманғы желілердегі абоненттердің үлесі 2024 жылғы 53 пайыздан 2026 жылы 64 пайызға дейін өсті. Бұл елдегі орташа интернетті 70 пайызға жеделдетті.
Спутниктік байланыс бойынша 2027 жылы Amazon LEO-мен бірлесіп 120 мыңнан астам үй шаруашылығына арналған спутниктік интернет іске қосылады. Стансалар Ақкөл мен Алатауда салынып жатыр, үшіншісі Атырауда салынады.
Қазақстанда есептеу қуаты артып, киберқауіпсіздік күшейе түсуде. 2026 жылдың қазан айында ұзындығы 380 шақырым суасты Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды, оның өткізу қабілеті 2036 жылға қарай 21 Тбит/с жетеді, - деді Бағдат Мусин.
Елдегі жергілікті трафиктің үлесі 53 пайыздан асты, ал 2026 жылдың қарашасында Қосшыда Al-Farabium-II суперкомпьютері іске қосылды. Сонымен қатар 2025 жылдың шілдесінен бастап Бас прокуратураның антифрод орталығының жасанды интеллект жүйелері 5 миллионнан астам алаяқтардың қоңырауларының жолын кесті.
Цифрландыру қарқынын одан әрі жеделдету мақсатында Бағдат Мусин Үкімет қарауына үш жүйелі ұсыныс енгізді.
Біріншісі - байланысты электр, су және жылу сияқты базалық инфрақұрылыммен теңестіру.
Екіншісі - кабельдерді зақымдағаны үшін жауапкершілікті күшейту. 2026 жылдың 10 айында байланыс желілерінің зақымдануына қатысты 459 жағдай тіркелген. Соның салдарынан желілердің жұмысы жиынтығында 80 күнге тоқтаған. Ал қолданыстағы ең жоғары айыппұл мөлшері небәрі 120 АЕК-ті, яғни 519 мың теңгені құрайды.
Үшіншісі - жаңа ғимараттар үшін құрылыс стандарттарын енгізу. Құрылыс салушыларға жаңа тұрғын үйлерді іске қосу кезінде әр пәтерге дейін оптикалық сымдарды және 5G базалық стансалары үшін жабдықталған орындарды қарастыруды міндеттеу ұсынылды.