БҚО-да «Ауыл аманаты» бойынша 119 тұрғын жеңілдетілген несие алды

Биыл Батыс Қазақстанда  «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 119 азамат жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін кеңейтті.

Аймаққа қарастырылған 4,6 миллиард теңгенің  2,2 миллиард теңгесі игерілген. Демеу қаржының төрттен бірі ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін қолдауға бағытталып отыр.

Бәйтерек ауданы Дариян ауылындағы Брусяное көлін Мерлан Аюповтың жалға алғанына екі жылға жуықтапты. Бұрын құрылыспен айналысқан кәсіпкер енді балық шаруашылығымен шұғылдануға бел буған. Ол үшін мүдделес азаматтардың басын қосып, ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрған. "Ауыл аманаты" бойынша 70 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, су ішінде балық өсіретін қажетті торлар мен жабдықтар орнатқан. Төрт шақырымнан электр желісін тартып, инкубациялық және шабақ өсіру цехтарын салған. Келешекте көлде жылына мың тоннадай тұқы, сазан және бекіре балығын өсіруді жоспарлап отыр.

Мерлан Аюпов, кәсіпкер:

- Әзірге 3 суасты торында тұқы мен сазан және бекіре өсіріп жатырмыз. Көлді тазалауға Алматы жақтан әкеліп, дөңмаңдайдың 50 мың шабағын бүгін жібердік. Келер жылы көлді игерудің белсенді кезеңіне өтеміз.Соған байланысты бекіре балығының 7 мың аналығын әкелу де жоспарда. Біздің облыста өзен-көл көп болғанымен балық шаруашылығы кенжелеп қалған. Осы олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Тек тауарлы балық емес, балық шабағын шығарып сатамыз болашақта.

Батыс Қазақстан облысына биыл "Ауыл аманаты" бағдарламасымен 4,6 миллиард теңге қаржы қарастырылса, соның 2,2 млрд теңгесі бөлініп, толық игеріліпті. Өз кәсібімді ашсам деп армандап, бірақ келте жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген 119 ауыл тұрғыны жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Жобалардың басым бөлігі бұрынғыша мал шаруашылығы саласында жүзеге асқан.

Ержан Досмақов, "Ақжайық" ӘКК басқарма төрағасы:

- Оңтүстік аудандарда етті бағытта болса, солтүстік аудандарда сүтті бағытта. Соның ішінде кооперативтерге біріктіруге көп көңіл болдық. Бұдан басқа балық шаруашылығына, өсімдік шаруашылығы, жылыжайларға құлпынай өсіру, болмаса басқа да жеміс-жидектер өсіруге беріліп жатыр. Бізге келіп түскен ақша  2 млрд 200 млн, оны толықтай, 100% игеріп отырмыз. Қазір құжаттарды жинап, мақұлданған құжаттармен келетін қаражатты күтіп отырмыз.

"Ауыл аманаты" бағдарламасы бастау алған 2023 жылдан бері Орал өңірінде 1835 ауыл тұрғыны жалпы сомасы 17 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесіне қол жеткізген, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері 5,7 млрд теңгенің 219 жобасын жүзеге асырған.

Авторлары Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Сондай-ақ оқыңыз: